Марқұм Болат Назарбаевқа тиесілі болған ғимарат қайтадан сатылымға шығарылмақ
«Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» қайтарылған бірнеше активті аукцион арқылы сатпақ. Олардың қатарында марқұм Болат Назарбаевқа тиесілі болған зәулім сарай, Қайрат Шәріпбаевтың қызы иеленген қос компания мен бір жер телімі бар.
Аукционға Астана мен Алматы қаласына орналасқан біршене жылжымайтын мүлік шығарылады. Сауда-саттық 22 және 26 қарашаға жоспарланған.
Астана қаласындағы қандай активтер аукционға шығарылады?
Астана қаласында 4 тұрғын емес үй-жай аукционға шығарылады. Төртеуі де Нұра ауданы, Қайым Мұхамедханов көшесі, 17-үй, яғни Samruk Towers кешенінің жанында орналасқан. Соның ішінде 2 ғимарат 84,4 млн теңгеге бағаланса, қалған екеуін компания 116 млн теңгеге сатуға ниетті.
«Астана қаласындағы тұрғын емес үй-жайлар көліктің барлық түрлеріне кіріп-шығу ыңғайлы жерде орналасқан. Орналасқан жері елорданың оң және сол жағалауына шығатын оңтайлы бағытты таңдауға мүмкіндік береді», – делінген компания хабарламасында.
Алматы қаласында қандай дүние-мүлік сатылмақ?
Алматы қаласындағы бір жер телімі, екі әкімшілік ғимарат және бизнестегі екі 100% үлес сатылмақ.
Ең бірінші лот – Наурызбай ауданы, Байтақ шағын ауданындағы 227 гектар жер телімі (кадастр нөмірі 20:322:041:052). Оның бағалау құны – 1,8 млрд теңге. Ашық кадастр картасына сәйкес, жер телімі Алматының Наурызбай ауданы мен Алматы облысының Қаскелең ауданының шекарасында орналасқан. Жер телімі маңында Үлкен Алматы өзені ағып жатыр.
Екінші лот – жертөлесі бар 10 қабатты кеңсе ғимараты. Бұл кеңсе Есентай өзенінің бойында, «Көктем-2» шағын ауданы, 22-үй мекенжайында орналасқан. Оны компания 4,4 млрд теңгеге сатуға ниетті.
Болат Назарбаевтың зәулім сарайы
Аукционға шығарылатын тағы бір дүние-мүлік – Алматы қаласы, Байтұрсынов көшесі, 104А үйде орналасқан әкімшілік ғимарат. Ол 1,8 млрд теңгеге бағаланған. Бұған дейін КursivMedia марқұм Болат Назарбаевтан тәркіленген осы ғимарат әлі сатылмай тұрғанын жазған.
Statsnet мәліметтінше, меншік иесі ауысқанмен, атышулы «ВN INVEST қаржы өнеркәсіптік холдингі» ЖШС бас кеңсесі әлі осы жерде орналасқан. Ғимараттың жалпы аумағы 1711,2 шаршы метр болса, оған тиесілі жер телімі – 0.4773 га.
Бұл дүние-мүлік саудасы 22 қарашада өтеді.
Қайрат Шәріпбаевтың қызына тиесілі болған компаниялар қайтадан сатылымға шығады
QazaqGaz компаниясының бұрынғы басшысы Қайрат Шәріпбаевтың қызы Қорлан Шәріпбаеваға тиесілі болған қос компания қайтадан сатылымға шығарылады. Сауда-саттық 26 қарашаға белгіленген. 2 компанияның да 100 пайыз үлесі сатылады.
Алматы қаласының Түрксіб ауданында орналасқан «Zharkent Su» ЖШС 593 млн теңгеге бағаланған. Бұл компания су жинау және таратумен айналысады. Жылу энергиясын өндіретін «Тұлпар» ЖШС-ның бастапқы құны – 991 млн теңге.
Қос компания бұған дейін 9 қазанда сатылымға қойылған еді. Алайда бұл активтерді сатып алушы табылмады. БАҚ «Zharkent Su ЖШС-ның Қайрат Шәріпбаевтың қызына тиелісі болғанын жазады. Ал аукцион құжаттарында екі серіктестіктің бұрынғы иелерінің есімі маркермен боялған.
«Тұлпар» ЖШС-ын Қорлан Шәріпбаева «Stroy System Engineering» және «Asia W Partnership» компаниялары арқылы иеленген.