Трамп Ресей мен Украина арасындағы соғысты тоқтата ма?
Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоған Ресей мен Украина арасындағы жанжалды АҚШ-тың жаңа президенті Дональд Трамп тоқтата алады деп сенетінін мәлімдеді. Ол үшін жаңа администрация ерік-жігерін көрсете білуі керек.
Ердоғанның сөзіне қарағанда, Түркия алғашқы кезде-ақ бейбітшілікті жақтаған. Тараптардың бірін таңдау талаптарымен келіспей, Мәскеумен де, Киевпен де қатынасын үзбеген. Алайда, Батыс дипломатиялық жолмен мәселені шешуге болады деп көп сенбейді.
«Трамп тұсында АҚШ әкімшілігінің бұл мәселеге реттеу тұрғысынан келгенін көрсек, бұл соғысты оңай тоқтата аламыз», – деді Ердоған.
Сайлау кезінде не айтылмайды?
Десе де, Мәжіліс депутаты Айдос Сарым соғыс оңай тоқтайды дегенге күмәнмен қарайды.
«Өз басым Трамп бір күнде немесе екі айда соғысты тоқтата алады дегенге сенбеймін. Бір анық нәрсе бар. Сайлаудың кезінде не айтылмайды? Оны балықшылар да, аңшылар да біледі. Сондықтан бәрі бір күнде бола қоймас. Бірақ Трамптың соғысты тоқтатуға ұмтылатыны, қысым жасайтыны анық. Бұдан қандай нәтиже шығатынын алдағы уақытта көре жатармыз», – дейді депутат.
Айдос Сарымның пікірінше, Украина билігіне қысым жасағанның өзінде, оған халқы, қоғамы көнбеуі мүмкін.
«Қазірдің өзінде жерінің 20 пайызынан айырылып отыр. Оны оңайлықпен тастап кетуі – екіталай нәрсе. Путиннің Валдайда айтқан сөздеріне қарағанда, Ресейдің соғысты тоқтатуға бейілі жоқ сияқты. Украина туралы да осыны айтуға болады», – дейді депутат.
Десе де, Дональд Трамп бір күннің ішінде соғысты тоқтатамын деп жұртты таңырқатып отыр. Бірақ стратегиясы қандай екені әзірге беймәлім.
Трамп Мәскеудің сөзін сөйлей ме?
Саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиеваның айтуынша, халықаралық сарапшылар бірнеше нұсқаны ұсынып отыр. Бірінші нұсқа – майдан сызығы бойынша атысты тоқтату. Яғни, бұдан кейін әскери әрекет жасалмайды. Украина 20 жылға дейін НАТО-ға кіруден бас тартуы тиіс. Демек, соғыс уақытша тоқтайды.
«Бірақ мәселені түбегейлі шешпейтін болғандықтан, бұл нұсқаны сынаушылар көп. Бұл – соғыс әлі жалғасады деген сөз», – дейді Толғанай Үмбетәлиева.
Екінші нұсқа бойынша, Трамп Украина жерінің 20 пайызын Ресейге өткенін мақұлдайды. Яғни, ол келіссөздер барысында Ресейдің ұстанымын қолдайтын болады. Бұдан кейін АҚШ Украинаға ешқандай әскери көмек бермейді. Киевтің Путин ұсынған жобаға келіспеуден басқа лажы қалмайды.
«Десе де, неміс бұқаралық ақпарат құралдарының пікірінше, Трамптың іс-әрекетін болжап білу қиын. Сондықтан сайлау кезінде Украинаға қолдау көрсетпейтінін айтқанмен, ATACMS секілді қару-жарағын үйіп-төгіп, Ресей аумағын Батыстың жойқын қаруларымен атқылауға рұқсат беруі де ғажап емес. Қазір бұған Байден мен Шольц қарсы болып отыр. Украинаға барынша қолдау көрсетіп, Мәскеуді ымыраға келуге мәжбүр етуі де ықтимал. Трамп түрлі, қарама-қайшы стратегияны қолдануы әбден мүмкін», – дейді сарапшы.
Жанжалдың ауқымы кеңейіп барады
Толғанай Үмбетәлиеваның пікірінше, Украина 20 жылға дейін НАТО-ға кіруден бас тартса да, жерінен айырылуға көнбейді. Мұндай жағдайда Трамп Путинмен келісіп, Украинаға қысым көрсетуі ықтимал. Бұл жанжалға қатысты АҚШ-сыз Еуроодақ – әлсіз ойыншы.
«Бұл соғысқа Солтүстік Корея араласты. Бұдан кейін Оңтүстік Корея Украинаға көмектесетінін мәлімдеді. Жанжалдың аумағы кеңейіп келе жатыр. Енді бәрі АҚШ-тың ұстанымына байланысты болмақ», – дейді саясаттанушы.
Толғанай Үмбетәлиеваның айтуынша, Вашингтон Украинаны қолдаудан бас тартса, жанжал басылады. Өйткені, Ресейдің басымдығы анық. Майданда үстем түсіп жатыр. Украинаның қарсылық көрсетуге мүмкіндігі сарқылып келеді. АҚШ-сыз Украинаның күні қараң. АҚШ Украинаны қолдап, жанжалды өршіте түсе ме, әлде, мәселені Ресейдің пайдасына шешіп, бірден тоқтата ма, бәрі Трамптың шешіміне байланысты.