Қазақстанның сауда және ойын-сауық орталықтарына сұраныс жоғары, орын тапшы

Жарияланды
"Жылжымайтын мүлік" бөлімінің редакторы
сауда және ойын-сауық орталықтары
Соңғы бір жылда елде санаулы ғана сауда және ойын-сауық орталықтары ашылған / Фото: kursiv.media

Қазақстандық сауда және ойын-сауық орталықтары біртіндеп, бірнеше қызмет түрлерін ұсынатын коммерциялық нысандарға айналып жатыр. Бұл кешендерден тамақтандыру залдары мен қонақүйлер, кітапханалар мен коворкинг орталықтары ашылып жатыр. Алайда мұндағы қызмет түрлерінің барлығы да тікелей кіріс әкеліп жатыр деп айта алмаймыз. Десе де, мұндай шаралар әлеуетті тұтынушыларды тартуға мүмкіндік бермек. Ойын-сауық орталықтарының бұлайша өзгеруі салаға қалай әсер етіп жатқанын KURSIVMEDIA редакциясы зерттеген болатын.

Өсіп келе жатқан тұтынушылық сұраныс және жаңа халықаралық брендтердің келуі сауда алаңдарға сұраныстың артуына жол ашты. IBC Real Estate мәліметтері бойынша бүкіл ел бойынша жоғары сапалы сауда орталықтарындағы бос орындар деңгейі 3%-дан аспайды. Ал халықаралық сатушылар кейбір сауда орталықтарында кезек күтіп отыр.

«Қазір біз сауда орталықтарын жалға беруде ешқандай қиындық көріп жатқан жоқпыз. Барлығы дерлік толық, барлық жерде тарифтер жоғары. Алаңдарға сұраныстың жоғары болуына байланысты тарифтер тіпті жасанды түрде көтеріліп жатыр», – дейді Retail Space Global негізін қалаушы Ержан Уразбаев.

Сапалы сауда алаңдарымен қамтамасыз ету жағынан елдегі ең дамыған сауда мегаполисі саналатын қала – Алматы. Мұндағы сауда кешендерінің үлесі мың тұрғынға 400 шаршы метрді құрайды. Лиссабон сияқты қалаларда бұл көрсеткіш 1890 шаршы метрді, Оттавада 2377 шаршы метр шамасында. Ал республикадағы әл-ауқаты бойынша 3-ші орында тұрған Қарағандыда бұл көрсеткіш 290 шаршы метрді құрап отыр. Бұл шетелдегі сауда орындарының көрсеткішімен салыстырғанда біршама төмен.

Айта кетсек, соңғы бір жылда республика бойынша тек екі сауда орталығы – Алматыдағы Aport Mall East және Атыраудағы Infinity Mall кешендері ғана пайдалануға берілді.

Сауда орталықтарының тапшылығы барлық мегаполистерде – Алматы, Астана, Шымкентте, сондай-ақ батыс облыстарда – Ақтөбе, Ақтау, Атырау қалаларында сезіліп жатыр.

«Бөлшек сауданың дамуына мүмкіндік аз. Барлық алдыңғы қатарлы сауда орталықтарында жалға алушылар кезек күтуде. Өңірлерде 15-20 мың шаршы метрлік шағын сауда орталықтары салынып жатыр. Алайда елге Zara, Massimo Dutti, Oysho, Bershka, Stradivarius, Pull&Bear брендтері бар Inditex компаниясының кіруі үшін 100 мың шаршы метрлік сауда алаңдары керек», – дейді Уразбаев

Жаңа сауда және ойын-сауық орталықтарының құрылысы өте ұзақ жүреді. сол үшін қымбатқа түседі. Сарапшылар елде сауда және ойын-сауық орталықтарының дамуына кедергі болып отыр негізгі факторды атады.

«Қаржыландыруының қымбатқа түсуіне байланысты жаңа сауда орталықтарын ешкім салмайды. Несиелердің пайыздық мөлшерлемесі 18-20% шамасында. Бұл тым ауыр», – дейді Ержан Уразбаев.

Aport Mall дамыту жөніндегі директоры Данил Дубинин де құрылыс уақытының ұзақтығы ірі кәсіпкерлер үшін тиімсіз екенін айтады.

«Сауда орталығы – өте қымбат жоба. «Aport Mall East» сауда үйін 15 жылдай инвестицияның қайтарымдылығын ескере отырып, өз қаражатымызға салдық. Бірақ осы уақыт ішінде үш рет девальвация болып, нәтижесінде несие мерзімі 25 жылға созылды. Бизнестегі мұндай табыс ешкімді қызықтырмайды», – дейді Дубинин.

Сондай-ақ оқыңыз