Инвесторлар Трамптың жеңісінен пайда іздеп жүр, Америкада жеке саудаланатын акциялар арзандады

Жарияланды
Фото: shutterstock

Федералдық резерв өкілдері пайыздық мөлшерлемені төмендету жайын қарастырмақ. АҚШ-тағы президент сайлауынан кейінгі қор нарығында не өзгерді? Трамптың жеңісі үміт сыйлап, сарапшылардың көбі акциялардың одан әрі өсуін күтіп отыр. Ал бөлшек сауда секторының құлдырауы жалғасуы ықтимал. Осы және өзге де тақырыптар туралы өткен демалыс күндеріне арналған әлемдік БАҚ шолуынан оқыңыз.

Нил Кашкари: Ставкаларды төмендетуге қатысты мәселе бар

Федералды резервтің Миннеаполистегі бөлімшесінің президенті Нил Кашкари Дональд Трамптың импортқа баж салығын арттыру жоспары ұзақ мерзімді инфляцияның өсуіне ықпал етуі мүмкін, деп мәлімдеді. Әсіресе, Қытай және басқа елдер «қарсы шаралар» қабылдайтын болса, жағдай ушығуы ықтимал, деп хабарлады CNBC.

Кашкаридің айтуынша, желтоқсан айындағы ФРЖ отырысында пайыздық мөлшерлеменің тағы да төрттен бір пайызға төмендеуі күтілгенімен, нақты шешім қабылдауға дейін «мәліметтердің шынайы жағдайда қалай қалыптасатынын көру керек».

Сондай-ақ ол АҚШ-тағы иммиграциялық заңнаманың күшею қаупін атап өтті. Бұл жұмыс күшінің тапшылығына әкелуі мүмкін.

Инвесторлар Трамптың жеңісінен пайда іздеп жүр

Америкалық БАҚ АҚШ-тағы президент сайлауынан кейінгі қор нарығындағы акциялардың қозғалысын талдап, қазіргі өсім ұзақ мерзімді трендке айнала ма деген сұраққа жауап табуға тырысып жатыр.

Bloomberg-тің жазуынша, капиталдандырылуы шағын компаниялар импортқа баж салығының өсуінен пайда көре алады. Ал ірі трансұлттық компаниялар Трамптың экономикалық саясатының кері әсерін сезінуі мүмкін. Энергетика секторының да болашағы анық емес. Себебі мұнай бағасы төмендеуі ықтимал.

Accuvest Global Advisors портфелін басқарушы Эрик Кларк Трамптың алғашқы қадамдарын күтіп, содан кейін белгілі бір салалардағы компанияларды іріктеп барып зерттеуді дұрыс шешім деп санайды. Wells Fargo & Co. банк сарапшысы Майк Майо егер Трамп реттеуді жеңілдету уәдесін орындайтын болса, қаржылық акциялар мықты позицияда қаларына сенімді. Jefferies сарапшысы Стивен Фолькманн Caterpillar Inc. сияқты өнеркәсіп және машина жасау компаниялары да пайда көруі мүмкін деп есептейді.

Өткен аптада Қытайға тәуелділігі жоғары америкалық бөлшек саудагерлердің акциялары құлдырады. Бұл сектор баж салығының өсуінен ең көп зардап шегуі мүмкін, деп санайды Barclays сарапшысы Сет Сигман. Сондай-ақ жаңартылатын энергия көздері саласының болашағы да белгісіз. Себебі Трамп бұл бағыттағы мемлекеттік қолдауды азайтатуға уәде еткен.

Америкалық бөлшек сауда акциялары құлдырады

Yahoo Finance-та сарапшылардың АҚШ-тың бөлшек сауда секторына қатысты жағымсыз болжамдары жазылған. Трамптың сайлауалды бағдарламасындағы 10-20%-ға, ал Қытайдан әкелінетін тауарларға 60%-ға дейін баж салығын арттыру маңызды мәселе болып саналады. Одан бас тартуы екіталай. Бұл АҚШ-тағы бөлшек саудаға «жаңа шынайылықпен» бетпе-бет келуге мәжбүр етеді. Себебі мұндай деңгейдегі тарифтер ұлы депрессиядан бері болмаған.

elf Beauty косметика компаниясының бас директоры Таранг Аминнің бағалауынша, ритейл баж салығының өсуінің салдарын 2026 жылға дейін сезбейді, ад 2025 қаржы жылына әсер етпейді.

Дегенмен, Трамптың жеңісі туралы жаңалықтан кейін америкалық бөлшек саудагерлердің, соның ішінде Five Below, Best Buy, Wayfair акциялары құлдырай бастады. Өткен аптада ең көп зардап шеккені – Wayfair (-12%).

Уолл-стриттегі компаниялар пессимистік көзқарас ұстанып отыр

Market Watch жазуынша, 2024 жылғы пайда болжамдары мен акциялардың өсу әлеуетіне қатысты аналитиктер мен компаниялардың көзқарастары сәйкес келмейді. S&P 500 индексіне кіретін көптеген компания пессимистік көзқарасты ұстанса, аналитиктер пайда өсіміне қатысты оптимистік күйде.

FactSet талдауына сәйкес, келесі тоқсанға болжам берген 77 компанияның 53-і немесе 69%-ы пессимистік болжам жасаған. Бұл көрсеткіш кейінгі 10 жылдағы орташа мәннен жоғары. Дегенмен, Уолл-стрит аналитиктері S&P 500 индексіне кіретін компаниялардың бір акцияға шаққандағы пайдасы жылдық есеппен 12,2%-ға өседі деп күтіп отыр.

Жұма күні S&P 500 индексі тарихта алғаш рет 6 000-дық межені уақытша еңсерді.

Бигтехтің раллиі жалғасуы мүмкін

Дональд Трамп нормативтік-құқықтық реттеуді айтарлықтай жеңілдетуді жоспарлап отырғандықтан, жасанды интеллект секторындағы компаниялардың бірігу және жұтылу мәмілелерінің жандануы күтілуде, деп хабарлады Market Watch Wedbush аналитиктеріне сілтеме жасап.

EMJ Capital негізін қалаушы Эрик Джексон да Yahoo Finance-ке берген сұхбатында осы сектордың одан әрі өсуін күтетінін айтты. Оның пікірінше, Трамптың цифрлық активтер нарығын ашық етуі есебінен Nvidia чиптеріне сұраныс артуы мүмкін. Себебі биткоин майнингі кеңейе түседі.

Nvidia сондай-ақ энергетика саласындағы реттеудің жеңілдеуінен пайда көре алады. Өйткені бұл бигтехке жасанды интеллект инфрақұрылымын тезірек дамытуға және чиптерді көбірек сатып алуға мүмкіндік береді.

Алайда импорттық баж салығының өсуінен Қытаймен арадағы «сауда соғысының» салдары көп болмақ. Nvidia тек Қытайға чиптер сатып қанай қоймайды, осы елде өнімдерді әзірлеу орталығына да ие.

Сондай-ақ оқыңыз