Блогерлер аз қамтылған халыққа тұрғын үй алуға ақша жинайтын Asarume қорын тексеруді сұрады

Жарияланды 11 Қараша 2024 15:13

(жаңартылды 11 Қараша 2024 16:01)
Ақниет Төленді

Ақниет Төленді

General News бөлімінің редакторы a.tolendi@kursiv.media
Блогерлер аз қамтылған халыққа тұрғын үй алуға ақша жинайтын Asarume қорын тексеруді сұрады
Блогерлер Asarume қорын тексеруді сұрады / Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстандық блогерлер Еркежан Шайх пен Айтбек Амангелді Asarume қайырымдылық қорын «халық ақшасын ысырап етеді» деп айыптады. Олар қайырымдылыққа деп жиналған қаржы аз қамтылған отбасыларға жететініне күмәнмен қарады. Әлеуметтік желіде олар Asarume-нің қаржы есебін толық жариялауды талап етті. Бұған қоса, Қаржы мониторингі агенттігінен қордың жұмысын тексеруді сұрайды.  

Asarume-ге қатысты мәселе блогер Еркежан Шайхтың бірнеше жазбасынан кейін басталды. Ол қор белсенділерінің бірі Дамир Аманжолов 1 күнде 100 млн теңге жинауға ниеттенгенін айтты. Ақша 10 аз қамтылған отбасына үй сатып алуға жиналуы тиіс. 

Шайх халықты «инфосығандарға» сенбеуге шақырды. Өйткені Дамир Аманжолов үш күндік коучинг курстарын сатып алған клиентке жарты миллион теңгені қайтармай, аяғында сот шешімімен ғана қайтарып алу мүмкіндігі болғанын жазды.

Блогер Еркежан Шайх қордың басқа басшылары мен қызметкерлері де адал емес деп айыптады. 

Қор басшысы Асхат Нұрмашев айыптауларға түсініктеме берген. Оның айтуынша, қор жұмысшыларында көмек ұсынатын әрбір блогердің беделі мен адалдығын тексеруге уақыт жоқ.

«Біреу мені алдап кетті, ол Asarume-мен жұмыс істеген, демек Asarume алаяқтар деп айтады. Кешірім сұраймын, біз «папа Карло емеспіз». Белгілі азаматтардың бір ай бұрын немесе жарты жыл бұрын не істегенін анықтауға бізде уақыт жоқ. Asarume алаяқтар екені туралы пікірлер шығып, есеп бермейтініміз туралы айтады. Осы бес жыл ішінде есеп беріп келеміз. Жыл сайын өтетін аудиттен кейін кестелерді жария етеміз. Оны кез келген адам көре алады», – деп атап өтті қор басшысы.

Асхат Нұрмашев қордан өз қалтасына 100 теңге де алмағанын атап өтті.

«Отбасына 30-40 миллион теңге жинайды, ал үйді 10-15 миллионға сатып алады. Қалған ақша өздеріне қалады деп айтуы мүмкін. 100 теңге де алған жоқпыз. Жиналған ақшаны еліміздің қалалары мен ауылдары бойынша аз қамтылған отбасылар арасында бөлеміз», — деп түйіндеді ол.

Egov.kz деректеріне сәйкес, Asarume қоғамдық мәдени-білім беру қоры 2019 жылдың қыркүйегінде тіркелген. Қордың екі құрылтайшысы бар: Ғалиолла Мұхтарқанов және Әзімжан Алаев. Мұхтарқанов туралы ашық ақпарат көздерінде мәлімет жоқ.

Ал Әзімжан Алаев «МетСталь» ЖШС тең құрылтайшысы, компания құбырлар өндірумен және Asia prom Steel LTD жеке компаниясымен-полимерлі болат өндіретін зауытпен жұмыс істейді.

Қор басшысы Асхат Нұрмашев «МетСталь» әлеуметтік желілердегі парақшаларын компанияның Asarume-ге ірі ақшалай қайырымдылық жасап жатқаны туралы айтады. Шамамен жылына 50-ден 100 миллион теңгеге қаржы жұмсалуы мүмкін. Алайда қорды басқарушы Нұрмашев «МетСталь» басшысы Әзімжан Алаевтың Asarume-нің тең құрылтайшысы екені туралы айта бермейді.

YouTube-тегі Asarume бейнежазбаларының бірінде Асхат Нұрмашев Әзімжан Алаевты қорға «шабыт сыйлайтын адам» деп атайды.Алаевтың айтуынша, оның 10 көпбалалы отбасына арналған әлеуметтік баспанасы бар.

2023 жылы Nur.kz басылымы Әзімжан Алаевтың Mudarabah Capital Қаржы пирамидасына 160 млн теңге салғанын жазған.

«Мен 2020 жылдың 30 қазанында бірінші рет 50 млн салдым, содан кейін тағы 50 млн теңге салдым, содан кейін қараша айында тағы 60 млн теңге салдым», — деді Әзімжан Алаев.

Миллиондаған теңгені жоғалтқанына қарамастан, кәсіпкер оның Mudarabah Capital-ға шағымдары жоқ екенін атап өткен.

Asarume қорын жақтаушылар еріктілердің игі істеріне куә болғандарын жазып, қор басшылығына сенетінін атап өтті. Asarume Instagram парақшасында қор Қазақстанда 1095 отбасына баспана алуға көмектескені көрсетілген.

10 қазанда Instagram-дағы Asarume парақшасында қаржылық есептің транскрипциясы да пайда болды. Мәліметтерге сәйкес, 2023 жылы қазақстандықтар мен ТМД елдерінің тұрғындары Asarume-ге 3,9 млрд теңге жіберген. Қордың шығындары 250 млн теңгені құраған. Қызметкерлердің жалақысына 165 млн теңге жұмсалған. Осы сандар қазақстандықтардың көпшілігін ашуландырды. Комментаторлар «қор басшылары неге қымбат мобилографтарды жалдайды, үлкен қайырымдылық кештерін өткізеді және қызметкерлерге жалақы төлейді» деген сұрақтар қоя бастады. Көптеген азаматтар «қаржылық есеп нақты емес» деген пікір білдірген. Себебі онда банктен берілетін үзінді құжаттар болмаған.

Бұған қоса, қордың өз бейнежазбаларында балаларды көрсетіп, қор жұмысын жүргізуге олардың эмоциялық күйін пайдалануына наразылық білдіріп, бала құқықтары жөнінде уәкіл Динара Закиеваға жүгінді.

«Динара Закиева, Asarume қоры өз қызметін сату үшін балаларды қалай пайдаланатынына назар аударыңыз. Сондай-ақ, балаларды қордың жарнамасында пайдаланады. Балалардың фотосуреттерін/бейнелерін қолданып жүр. Бұл олардың психикасына кері әсерін тигізеді», – деді блогер Еркежан Шайх.

Оның бұл жазбасын тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған қордың басшысы Айтбек Амангелді қолдады. Ол сондай-ақ қаржымониторинг агенттігін Asarume-ге қатысты тергеу жүргізуге шақырды.

KursivMedia редакциясы түсініктеме алу үшін қаржы мониторингі агенттігіне жүгінді. 

«Біз қайырымдылық ұйымдарына қатысты тексеру жүргізбейміз», — деп жауап берді агенттік.

Айта кетейік, KursivMedia Asarume қорының басшылығына да хабарласып, мәселеге қатысты пікір білдіруді сұрады. Қор басшылығы пікір білдіруге дайын екендерін айтқанымен, материал шыққан уақытқа дейін сұқбат жазылмады.

Сондай-ақ оқыңыз