Павлодарда Halyk bank бөлімшесі тоналды
Павлодар қаласындағы Halyk bank филиалына қарашаның 10-нан 11-іне қараған түні ұры түсіп, тонап кеткен. Оқиғаға қатысты банктің баспасөз қызметі мәлімдеме жасады.
«11 қараша күні таңертең банкке Павлодар қаласы, Естай көшесі 40 мекенжайында орналасқан Halyk bank филиалына қарашаның 10-нан 11-іне қараған түні ұры түскені туралы хабар келді. Оқиға орнында жедел тергеу тобы жұмыс істеп жатыр. «Халық» банк филиалының қызметкерлері істің мән-жайын анықтау үшін жүргізіліп жатқан тергеуге көмек көрсетіп жатыр»,- делінген банк хабарламасында.
Осы орайда банк ақпарат таратуға жауапкершілікпен қарауды, полицияның жұмысына кедергі келтірмеуді сұраған.
Айта кетейік, Halyk bank филиалы тоналғанын Павлодар облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. Полицияға 11 қараша күні сағат 9:30-да банк бөлімшесінің қабырғасы бұзылғаны туралы хабар түскен.
Департаменттің баспасөз қызметі оқиға орнына полиция бөлімінің басшылығы мен жедел-тергеу тобы аттанғанын, оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталып жатқанын хабарлады. Сонымен бірге жедел іздестіру шараларымен қатар ұрлық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.