Қазақстанда өрт сөндіру деполарын үш-төрт айда салу жоспарланып отыр
Қазақстанда өрт сөндіру деполарын тез тұрғызу әдісі енгізіліп жатыр. Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов Үкімет отырысында мәлімдеді.
Министрдің мәліметінше, Астанада тамыз айында 3,5 айда тұрғызылған жаңа өрт сөндіру бөлімі іске қосылды, сондай-ақ бұл бастама барлық өңірлерде жүзеге асырылмақ.
Елімізде 121 өрт депосы жетпейді екен. Қысқы жылу маусымы кезінде өртке қарсы қызметтерді, құтқарушыларды және медицина қызметкерлерін біріктіретін әмбебап бөлімшелер де құрылады.
Сонымен қатар, министрдің айтуынша бұрын деполар 2 жылда 2,5-3 млрд теңгеге салынса, жаңа шетелдік жоба бойынша 1 млрд теңгеге 3,5 айда жаңа деполар салынады.
Еске сала кетейік, бұған дейін премьер-министр Олжас Бектенов екі күннің бірінде өрт шығады деп 4 өңірдің әкімдіктерінің жұмысын сынға алды.
«Жылу беру кезеңі енді ғана басталды. Ал, еліміздің тұрғын үй секторында екі күннің бірінде өрт шығады. Пеш жағу кезінде қарапайым қауіпсіздік талаптарының сақталмауынан бір айда 130-дан астам өрт тіркелген. Сондай-ақ иіс тиіп уланған жағдайлар жиілеп кетті. Қаза тапқандар да бар. Оқыс жағдайларды барынша азайтпасақ болмайды»,- деді премьер-министр.