БҚО-дағы елдімекенде газ құбырын зақымдағаны үшін Ресей әскери бөлімінің командиріне айыппұл салынды – облыс әкімі

Жарияланды
Ресей әскери
БҚО әкімі газ құбырын зақымдағаны үшін Ресей әскери бөлімінің командирі әкімшілік жазаға тартылғанын хабарлады / Фото: видеодан үзінді; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төребаев Бөкейорда ауданы, Сайқын елдімекенінде газ құбырын зақымдағаны үшін Ресей әскери бөлімінің командирі әкімшілік жазаға тартылғанын хабарлады. Бұл жайлы әкім Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында айтты.

Әкім бұл жағдай туралы білетінін, оқиға болған күні Ресейдің әскери бөлімі командирінің үстінен әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынғанын айтты.

«Біз бұл жағдай туралы білеміз. Ол жерде әскери жаттығу өткізілген. Сол уақытта бірнеше күн қатарынан толассыз қатты жаңбыр жауып, әскери техника Сайқын елдімекені арқылы өтуге мәжбүр болған. Әрине, олардың бағыттары бізбен келісілген еді. Елдімекеннен өтіп бара жатқанда, бір әскери көлік газ құбырын зақымдаған. Алайда, елдімекеннің газ инфрақұрылымына айтарлықтай зиян келмеді. Бірақ соған қарамастан, біздің құзырлы органдар Ресей әскери бөлімінің командирін ұстап, оған әкімшілік жаза қолданды. Заң талаптарына сәйкес, оған айыппұл салынды»,- деді әкім.

Журналист Ресейдің әскери бөліміне арнайы хат жіберілгенін, соған жауап келген-келмегенін нақтылады. Әкім әкімшілік құжаттардың бірден рәсімделгенін, Ресей тарапына әкімшілік жазаға қатысты сұрау жіберілмегенін жеткізді.

Ата кетейік, егер бұл жағдай Әкімшілік кодекстің 147-1-бабы бойынша қарастырылса келесі жаза қарастырылған: бөтен мүлікті қасақана жою немесе бүлдіру фактісі бойынша бұл әрекеттен қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері анықталмаса, 50 АЕК (184 600 теңге) көлемінде айыппұл салынады. Болмаса бестен жиырма тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алу жазасы қолданылуы мүмкін.

Еске сала кетсек, 20 қазан күні Ресей әскери көлігінің Батыс Қазақстан облысының Сайқын елдімекенінен жүріп өтіп, жолында газ құбырын қаққаны туралы ақпарат тарады. Аудан әкімдігі газ құбырының қатты зақымданбағанын, улы газдың ауаға таралмағанын мәлімдеді. Ол кезде әскери техника жүргізушісінің әкімшілік жазаға тартылуы мүмкін екені айтылған.

Сондай-ақ оқыңыз