Қазақстан дүкендерінде консервіленген ақбөкен еті сатыла ма?
Елімізде консервіленген ақбөкен еті пайда болуы мүмкін бе? Сондай-ақ бұл жануарлардың еті Ресейге жөнелтіле ме? Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев осыған дейін ақпарат көздерінде тараған сұрақтарға жауап беріп, пікір білдірді.
Аймақ басшысы бұл ақпараттарды жоққа шығарды. Айтуынша, консервіленген ақбөкен етін дайындау және оны сату жоспарда жоқ.
«Ақбөкендер санын реттеуді тоқтаттық, оларды атып немесе арнайы тормен аулап ұстауға да болмайды. Сондықтан олардың етінен консерві дайындау немесе етін сату жөнінде ешқандай ақпарат жоқ»,- деді өңір әкімі орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте.
Десе де, ақбөкендердің бір бөлігі іргедегі Ресей Федерациясына көшірілуі мүмкін. Өйткені екі елдің тиісті министрліктері ақбөкендер жүретін шекарадағы жолдарды ашу жөнінде келісімге келген.
«Бүгінде ақбөкендер өзінің жайылып жүрген елді-мекендері оңтүстік аудандар. Ақбөкендердің бұрыннан қалыптасқан миграция жолдары бар. Ресей шекарасына өтеді немесе Қазақстан шекарасына кіреді. Шекарадан өздерінің бұрынғы жолдарын ашу жөнінде біздің экология министрлігі және Ресейдің осыған жауапты министрліктері осындай келісімге келді. Әзірге етін сатып та жатқан жоқ, ешқандай консерві жасалып жатқан жоқ»,- деп нақтылады облыс басшысы.
Десе де әкім жоққа шығарған ақбөкен етінен консерві дайындау мәселесі, бұрыннан қозғалып келеді. Мәселен, 2023 жылдың соңында Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев ауыл шаруашылығы министрлігі киік етінен консерві, субөнім жасауға стандарт жасауды сұрап отырғанын айтқан болатын.
Айта кетейік, Қазақстанда ақбөкендердің саны 4,1 млн-ға жетті. Бұл әлемдік популяцияның 99%-ы. Ад, киіктерден ауыл шаруашылығына 10-12 млрд теңге шығын келген.