«Шекер» «Нурикамалды» шаң қаптырды: соңғы аптада ең көп касса жинаған фильмдер

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
«Шекер» «Нурикамалды» шаң қаптырды / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Соңғы аптада Қазақстанда касса бойынша ең көп қаражат жинаған кинолар көшін «Шекер: соңғы мүмкіндік» фильмі бастап тұр. Ticketon мәліметінше, бұл фильм 461 миллион теңгеден астам табысқа жетіп, бір уақытта шыққан «Нурикамал» фильмінен бес есе көп табыс жинады.

«Шекер: соңғы мүмкіндік» – 461 166 017 теңге

Sheker («Шекер») – бұған дейін Salem Social Media студиясының түсірген ең танымал сериалдарының біріне айналды. Сериал Қазақстанда ғана емес, шетелде де танымалдыққа ие болды. Фильм сюжеті студенттердің есірткі сатуымен айналысып, қылмыстық жолға түсуі туралы. Екі маусымда сәтті шығып YouTube платформасында 35 млн астам қаралым жинаған еді. Енді сериалдың жалғасы ретінде продюссерлер фильмді үлкен экранға шығарып көрермендерге ұсынды. Алғашқы аптада-ақ жақсы табысқа жетіп, бірінші орынға шықты.

«Миссия: Красный» – 195 827 125 теңге

Екінші орында америкалық «Миссия: Красный» фильмі 195 млн табыс тапты. Голливудтық танымал актер Дуэйн Джонсон ойнайтын комедия жанрындағы туынды қазақстандық көрермендердің арасында жақсы сұранысқа ие болып тұр.

«Кеттік бәрін таста» – 190 020 150 теңге

«Кеттік бәрін таста» фильмі алдыңғы аптада 500 млн астам касса жинап көш бастаған еді. Осы аптада кассалық табысы түсіп, үшінші орынға жайғасты. Бұл қазақстандық туынды арман жолында тәуелкелге бел буған Қаныбек пен Қайролла атты екі дос туралы. Екі дос танымал актер болуды армандайды. Атақ пен мансап жолында Қаныбек пен Қайролла күтпеген сынақтарға тап болады — олар Ташкентке жергілікті продюсерлермен жұмыс істейміз деп барып, құлдыққа түсіп, сол жақтан аман шығудың жолын іздейді.

Веном: Соңғы би – 158 699 190 теңге

Алғашқы аптада 800 млн теңгеден астам табыс тапқан «Веном: Соңғы би» фильмі әлі де сұранысқа ие. Әйгілі комикс экранизациясы бастапқыда көш бастап келгенімен, бұл аптада төртінші орынға сырғыды. Танымал актер Том Харди «Веном» фильмінің соңғы бөлімінде өзінің әйгілі рөліне оралады. Бұл бөлімде Эдди мен Веномның бір-біріне қарсы күресуі жер бетінде ғана емес, өзге әлемдерде де болмақ. Марвел кейіпкерлерін сүйетін жанкүйерлер енді бұл туындыны қазақ тілінде көре алады.

«Нурикамал» – 83 167 760 теңге

Көштің соңында «Нурикамал» 83 миллион теңге касса жинап, алдыңғы фильмдерден едәуір артта қалды. Айта кетейік, алдыңғы фильмдердің прокатқа шыққандарына 2,3 аптадан асты. Ал, «Шекер» мен «Нурикамал» фильмдері 7 қараша күні бір уақытта шықты. Бірақ, кассалық табыс көрсеткіштері болса айырмашылығы жер мен көктей. Фильмнің сюжеті халық арасында танымал болған «Нурикамал» әнінің шығу тарихын баяндайды.

Сондай-ақ оқыңыз