Жаңбырдың соңы қарға ұласады: Алматы көктайғаққа дайын ба?
Қазгидромет мәліметінше, Алматы қаласында 13 қараша түннен бастап 14 қараша таңға дейін жаңбыр жауып, соңы қарға ұласады, ауа температурасы минус 3 градусқа дейін төмендейді деп күтіліп отыр.
Алматы әкімдігі жолда кептеліс болу қаупіне байланысты қозғалыс бағытын алдын ала жоспарлауды ұсынады. Сондай-ақ, жауын-шашын кезінде көктайғақ болуы мүмкін, сол себепті автокөлік жүргізушілерінен машинасына қысқы шина салып, жылдамдықты асырмауды, арақашықтықты қатаң сақтауды, ал жаяу жүргіншілерден қауіпсіздік шараларын сақтауын сұрайды.
Әкімдіктің мәліметінше, күннің суытуына байланысты Алматының коммуналдық қызметі күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Көктайғақтың алдын алу мақсатында 160 құмшашқыш техника кезекшілікке дайын болады. 490 арнайы техника және 1,2 мыңға дейін жұмысшы жұмылдырылады. Аудандық әкімдіктерде жұмыс барысын қадағалау үшін тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылады.
Айта кетейік, «Қазгидрометтің» болжауынша, 13 қараша түн ортасынан таңға дейін аралас жауын-шашын күтіледі. Түнде ауа температурасы +2 градус, күндіз +5…+7 градус шамасында болады.
13 қараша түстен бастап 14 қараша таңға дейін орташа, кейде қатты жауын-шашын, түнде қар жауады деп болжанып отыр. 14 қарашада түнде және күндіз ауа температурасы минус 1-3 градусқа дейін төмендейді.
Бұған дейін, Алматы полициясы 1 желтоқсаннан бастап жазғы дөңгелектер үшін айыппұл сала бастайтыны туралы жазған едік.