Nissan акциялары инвестордың қызығушылығынан кейін қымбаттады

Жарияланды
Nissan
Фото: shutterstock

Nissan акциялары сейсенбі күні кейінгі 15 жылдағы ең жоғары қарқынмен өсті. Бұған белгілі инвесткомпанияның қиындыққа ұшыраған жапон автоконцерні акцияларының бір бөлігін сатып алғаны себеп болды.

Nissan акциялары Токиодағы саудада 20,6%-ға дейін өсті. Кейінірек өсім 13%-ға дейін баяулады. Мұндай өзгеріс автоконцерн реттеуші органдарға жаңа акционер туралы құжат тапсырғаннан кейін басталды.

Nissan акцияларының 2,5%-ын сингапурлық Effissimo Capital Management хедж-қорымен аффилиирленген ECM Master Fund қорының сенімді басқарушысы Suntera (Cayman) Ltd. сатып алған.

Bloomberg мәліметіне сәйкес, Suntera және Effissimo компаниялары – Жапониядағы активистік инвестициялардың әкесі Ёсиаки Муракамидің шәкірттері негізін қалаған ұйымдар. Аталған екі компания 2021 жылы жапон корпоративтік әлемінің бұрынғы көшбасшысы Toshiba-ны сату мәселесінде танымал болған-ды.

«Автоконцернді құрылымдық реформаларды іске асырып, бизнесті дағдарыстан шығару мүмкіндігі туралы сыбыстардан кейін инвесторлардың Nissan-ға деген қызығушылығы артты. Тиісінше, бұл жағдай акциялардың өсуіне түрткі болды», – дейді Aizawa Securities қор басқарушысы Икуо Митсуи.

FactSet консенсус рейтингі бойынша Nissan акцияларына деген көзқарас әр алуан: 14 аналитиктің жетеуі акцияларды ұстауға кеңес береді. Екі аналитик сатып алуды (рейтинг – Buy), бесеуі сатуды (Underweight және Sell) ұсынып отыр.

Өткен аптада Nissan акциялары компанияның сату болжамын төмендетіп, ауқымды қысқартулар мен өндірістік қуаттың 20%-ын жабу туралы жариялағаннан кейін 2020 жылдан бергі ең төмен деңгейге түскен еді. Компания Қытайда арзан электрмобильдер мен гибридтерді шығаратын жергілікті өндірушілерге есе жіберіп жатыр. АҚШ-та да өз позициясын жоғалтып алған сыңайлы. Nissan америкалық нарықта гибридтерді сатудан бас тартқан болатын. Бірақ олардың танымалдығы күтпеген жерден артып кетті.

Сондай-ақ оқыңыз