Қайталама нарықтағы тұрғын үйлердің бағасы 3,9%-ға қымбаттады
Қазақстанда тұрғын үйді жалға алу бағасы бір жыл ішінде шамамен 7%-ға қымбаттады. Атап айтқанда, 2024 жылдың қазан айында бұл көрсеткіш 6,7%-ға артқан.
Ұлттық статистика бюросының мәліметтері бойынша, жылдың басынан бастап қайталама нарықтағы тұрғын үйлердің бағасы шамамен 3,9%-ға, ал жаңа үйлердің бағасы 2,3%-ға өскен.
Қайталама нарықтағы тұрғын үйлердің бағасы ең көп Атырауда (+24,7%) және Астанада (+11,3%) қымбаттаған.
Жалға алу бағасы ең көп өскен қалалар — Орал (+24,2%), Шымкент (+21,9%) және Петропавл (+21%).
Жаңа тұрғын үйдің бағасы Таразда (+8,6%), Ақтөбеде (+7,9%), Талдықорғанда (+7,2%), Көкшетауда және Қызылордада (+7,1%) айтарлықтай өскен.
Өткен аймен салыстырғанда (қыркүйекпен) жаңа тұрғын үй мен жалпы жалға алу бағасы еліміз бойынша 0,6%-ға қымбаттаған. Ал қайталама нарықтағы үйлердің бағасы 0,4%-ға төмендеген. Тұрғын үй мәмілелерінің саны 39,2 мыңды құрады. Ең белсенді нарық Алматы, Астана және Қарағанды облыстарында байқалған.
Сонымен қатар, бір бөлмелі пәтерлер ең көп сатылып, сатып алынған. Ал жеке үйлердің сатылымы өткен айда 3,8%-ға азайған.
«Жеке үйлер бойынша мәмілелер санының ең үлкен өсуі Ұлытау облысында (+42,9%), Түркістан облысында (+21,6%) және Абай облысында (+11,7%) тіркелген. Ең үлкен төмендеу Солтүстік Қазақстан (-28,5%), Батыс Қазақстан (-21,9%) және Маңғыстау облыстарында (-21,6%) байқалған. Қазан айында жылдық көрсеткішпен салыстырғанда 32 975 мәміле тіркелген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 18,7%-ға артық», делінген хабарламада.