Пентагон құжаттарын жариялады деп айыпталған Джек Тейшейра 15 жылға сотталды
2023 жылы Пентагон тарихындағы ең үлкен құпия құжаттарды жария еткен АҚШ Ұлттық гвардиясының бұрынғы қызметкері Джек Тейшейра 2024 жылы 12 қарашада 15 жылға бас бостандығынан айырылды.
AP басылымның ақпаратына сүйенсек, Массачусетс штатындағы АҚШ Ұлттық гвардиясының 102-ші әуе күштерінің барлау бөлімшесінде жұмыс істеп жүргенде Тейшейра құпия материалдарға, соның ішінде карталарға, спутниктік суреттерге және АҚШ одақтастарының барлауына қатысты құжаттарды көре алған. Кейін құжаттарды танымал Discord онлайн платформасында жария еткен.
Ол жабық топ мүшелерімен бөліскен құжаттардың арасында Украинадағы соғыс туралы құпия ақпарат та болған.
Прокурорлар Тейшейраны 16,5 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. Адвокаттар 11 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Үкімді жеңілдетуді сұрай отырып, Тейшейраның адвокаттары сот құжаттарында оның мектепте, содан кейін әскери бөлімде буллинг көргенін айтқан.
Тұтқындалған тұста 21 жаста болған Тейшейра Discord платформасында шағын жабық топты басқарған. 2022 жылдың соңында құпия файлдарды жүктей бастаған. Кейінірек құжаттар желіде тараған.
Наурызда 22 жастағы Тейшейра Ұлттық қорғаныс туралы ақпаратты қасақана сақтау және жария ету бойынша кінәсін мойындады.
Тейшейра 2019 жылы Массачусетс штатындағы Ұлттық гвардия бөлімінде жұмыс істеген. Құпия құжаттармен жұмыс істеу кезінде «ақпаратты жария етпеуге келісім беріп», тиісті құжатқа қол қойған және өзінің қылмыстық қудалауға ұшырауы мүмкін екенін білген. Сот осы және өзге де дәлелдерді ескере отырып, жігітті 15 жылға бас бостандығынан айырды.
Құпия құжаттар жария болғаннан кейін Пентагон ақпаратты сақтау және жұмыс істеу ережелерін қайта қарауға мәжбүр болған.