Қаржы алаяқтарымен күрес: онлайн кредит рәсімдегенде банктер клиентке бір реттік пароль жіберуге тиіс
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі несие алу кезіндегі алаяқтықты алдын алу үшін банктерге қойылатын талаптарды күшейтпек. Енді банктер несиені онлайн рәсімдеген кезде, биометриямен қоса, клиенттің телефон номеріне бір реттік пароль жіберуі керек. Бұл адамдардың сыртынан кредит алуды шектеуі тиіс. Осы мақсатта ҚНРДА банк қызметін реттейтін құқықтық актілерге өзгерістер енгізеді.
«Банк Интернет арқылы банктік қарыз шарты жасалғанға дейін клиенттің ұялы байланыс құрылғысының абоненттік нөмірі туралы деректерді енгізеді, көрсетілген нөмірге бір реттік пароль жібереді және Cәйкестендіру деректерімен алмасу орталығының (бұдан әрі – CДАО) қызметтерін пайдалану арқылы немесе банктің құрылғылары арқылы алынған биометриялық деректерді пайдалана отырып, клиентті биометриялық идентификациялау жүргізеді», – делінген қаулы жобасында.
Сонымен қатар, құжатта «дропперлер» деген ұғым енгізіліп, оларға нақты анықтама берілген.
«Дропперлер – алаяқтар үшінші тұлғалардың банктік шоттарынан ұрлаған ақшаны алу үшін жағдай жасайтын жеке немесе заңды тұлғалар, алаяқтардың көмекшілері. Дропперлер алаяқтарға өздерінің дербес деректерін және ақпаратты ұсынады және сыйақы үшін ұрланған ақшаны шығарып алады», – делінген құжатта.
Банктерде енді «оқыс оқиғалар дерекқоры» болуы тиіс. Оған электрондық түрде жүргізілген күдікті операциялар мен алаяқтық деректері енеді. Банктердің мобильді қосымшасының негізгі бетінде алаяқтық туралы шағым тастайтын бөлім болады.
Құжатқа «алаяқтық тәуекелдерін басқару» деген жеке тарау енген. Онда агенттік банктердің тәуекелдерді басқару жүйесіне, соның ішінде олардың антифрод бөлімдері, алаяқтық тәуекелдерін басқару саясаты мен рәсімдерін, басқару есебіне қойылатын талаптарды нақтыламақ.
Қаулы жобасы 26 қараға дейін ашық талқыда болады.