Қазақстан Қытайға газ экспортын арттырады
«Самұрық Қазына» холдингі өзіне қарасты QazaqGaz мен Қытайдың PetroChina International Alashankou Company Limited арасындағы мәмілені мақұлдады.
KASE-де жарияланған құжат бойынша, газ сатып алу-сату шартының қосымша келісіміне қол қоюды көздейді. Бұл мәміле Қытай тарапымен 2023 жылдың қазан айында жасалған.
Құжатта келісімнің нақты сомасы көрсетілмеген. Бірақ QazaqGaz активтерінің жалпы құнынан 69,54 %-ға асатыны жазылған. Демек, келісім-шарт құны 1,9 трлн теңгеден кем болмауы тиіс.
Қазан айында Қазақстанның Қытайға газ тасымалын арттыратыны туралы ақпарат шықты. QazaqGaz Қытайға қосымша газ құбырын салуды жоспарлап отыр.
Мұның алдында Қазақстан мен Қытай экспорттың қазіргі көлемін айтпағанда, бұдан едеуір көп шикізат экспортына қатысты келіссөз жүргізіп жатқаны туралы жазғанбыз. Қазақстан газ экспортын арттыруды көздейді. Қытай да бұған мүдделі болып отыр. Тіпті, алғашқы ұсыныс сол тарапынан түскен.
«QazaqGaz» ҰК» АҚ ұлттық газ операторының бас директоры Санжар Жаркешов Қытайдың газға деген сұранысы артып келе жатқанын атап өткен болатын.
Еліміз шығыстағы көршіге қазір шамамен 4 млрд текше метр газ жеткізеді.