Авторлық қоғамдар Шәмші әндерінен ақша жасап отыр ма?
Қазақ композиторы Шәмші Қалдаяқовтың әндері айына 6 мың теңгеге ғана бағаланады. Композитордың әндерін осылайша арзан бағалап отырған авторлық қоғамдардың жұмысы туралы мәжіліс жанындағы комитет отырысында депутат Нартай Аралбайұлы айтты.
Депутат Шәмші ұрпағына авторлық қоғам 3 айда бір рет қана төлем жүргізетінін айтты.
«Шәмші Қалдаяқовтай ұлы тұлғамыздың шығармаларын тұтынғаны үшін ұрпағына авторлық қоғам бір маусымда, яғни 3 айда бір рет 18 мың теңге ғана төлеген. Шәмшінің әні орындалмайтын кеш бар ма, қазақта?! Біздің авторлардың құқы қорғалмайтынын осыдан-ақ көре берсеңіздер болады»,- деді ол.
Нартай Аралбайұлы елде креативті экономиканың ауқымды дамуы үшін барлық жағдай жасау туралы, оның ішінде зияткерлік меншікті құқықтық қорғау құралдарымен қорғау жөніндегі президент тапсырмасы орындалмай жатқанын айтты. Айтуынша, елде 15-16 авторлық қоғам бар. Олар авторлардың шығармашылығын тұтынғаны үшін түсетін ақшаның 70%-ын өздері ұстап қалып, тек 30%-ын авторға немесе оның ұрпағына төлейді екен.
«Қоғамдар авторлардың құқын қорғамайды. Біз креаторларды тізімге қосып алғанға мәзбіз. Бірақ олардың құқын қорғауға келгенде, ешкім бас ауыртқысы келмейді. Сондықтан креаторлар адвокат жалдап, сандалып жүруге мәжбүр»,- деді депутат.