Соғыстан кейін Қазақстан нарығына Ресей баспалары көптеп келе бастаған. Қазақ баспагері мұны «отарлаудың бір көрінісі» деп санайды
Соғыстан кейін Қазақстан нарығына Ресей баспалары көптеп келе бастаған. Тәуелсіз баспагер Бақытжан Бұқарбай мұны «отарлаудың бір көрінісі» деп санайды. Бұл туралы баспагер Мәжіліс жанындағы комитет отырысында айтты.
«Соғыс басталғалы бері санкция мәселесі Ресейде шығарылатын кітаптарға да әсер етті. Ресей баспагерлері санкцияға ұшырап, кітап басып шығаруға рұқсат ала алмай, компанияларын біздің елде тіркеп жатыр. Олар елге келіп, нарықта бар тапсырыстарды алу үшін әрекеттеніп жатыр. Әрине, елде ашық нарық болған соң, ешкімге тыйым сала алмаймыз. Бірақ буыны қатпаған қазақ баспагерлері үшін миллиондаған бюджеті бар баспалармен бәсекелесу қиынға соғып жатыр»,- дейді Бұқарбай.
Осы орайда баспагер бұл мәселеге мемлекеттің араласып, нақты талаптар қойған жөн деп санайды. Бұл орайда үкімет протекционизмге барып, қазақ тілді кітаптардың шығуына басымдық беруі керек деген ойда. Яғни Қазақстанда тіркелген ресейлік баспаларды орыс тілінде бір кітап шығарса, қазақ тілінде бір кітап шығаруға міндеттеу арқылы тепе-теңдік сақтауға ұмтылған абзал.
«Біз кітап шығарғанда бизнестің ең тиімсіз түрімен айналысып жатырмыз. Өйткені осы салада қазақ контентінің үлесін көбейткіміз келеді. Мысалы, 2016 жылы біз баспа ісін қолға алған кезде, «Меломан» кітап дүкеніндегі қазақ тілді кітаптардың үлесі 5%-ға да жетпейтін. Ал 8 жыл өткен соң, бұл көрсеткіш 15%-дан асты. Алайда ал соңғы жағдайларды ескеретін болсақ, қазақ тілді кітаптарының үлесі тағы да азаюы мүмкін»,- дейді баспагер.
Бұған қоса, ресейлік кітаптардың бағасының арзан болуы да, нарықтағы жағдайды күрделендіре түскен. Айтуынша, қазақ баспагерлері шығаатын кітаптардың құны әлімедік нарықтағы бағаға сай. Шамамен 5 мың теңгенің айналасында. Ал Ресейде басылып шыққан кітаптардың құны 600-700 теңгенің айналасында. Бұл кітаптың өзіндік құнынан да төмен екен. Баспагерлерлер мұның себебін анықтап көрген. Айтуынша, Ресей үкіметі «Россотрудничество» арқылы өзінің баспаларына үлкен дотация беріп отыр. Солайша олардың кітаптары Қазақстанда арзан бағамен сатылып жатыр. Бақытжан Бұқарбай Мәдениет министрлігі тарапынан қазақ баспагерлерінің кітап шығаруына қатысты талаптары күшейтілуі мүмкін екенін айтты. Бұл өз кезегінде салада қазақ тілді контенттің азаюына әкеп соғады.
«Жазда «Как управлять казахами?» деген кітапқа байланысты үлкен резонанс болды. Біз бұл резонанстың бәрін жаптық. Десе де, осы оқиғадан кейін Мәдениет және ақпарат миинистрлігінің қазақ баспагерлеріне кітап шығаруға рұқсат алу мәселесін қиындатуға қатысты тетіктерді енгізуі мүмкн деген ақпарат жетті. Ресей орыс тілді кітаптар санын көбейтіп жатыр. Мұны отарлаудың бір көрінісі деп айтуға болады. Ал өзіміздің төл министрлігіміз рұқсат беру тетіктерін шектейтін, қолдау көрсетуді шектейтін тетіктер енгізбекші. Бұл мен үшін түсініксіз»,- дейді Бұқарбай.