Алаяқтар атыңыздан кредит алса, қандай жағдайда банктің өзі төлейді? Мәдина Әбілқасымова түсіндірді
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова қаржыгерлер конгресінде халықтың қарызға батуының артуы басты мәселелердің бірі деп атады.
«Бұл мәселе екі жылдан бері көп сауал тудырып отыр. Әсіресе, онлайн кредиттеу сегментінде. Парламент Мәжілісі, Сенаты депутаттарының қолдауымен маусым айында біз кредит беру кезіндегі тәуекелдері азайту және несие алушылардың құқығын қорғау туралы заң шығаруға бастама көтердік. Біз азаматтарымызды қорғаудың барлық шараларын қарастырдық», – деді Мәдина Әбілқасымова.
90 күннен асқан мерзімі өткен қарызы болса, екі жылға дейін кредит беруге тыйым салынады.
«Қазір тұтынуға кредит беру нарығында өзекті мәселелердің бірі – қаржы алаяқтығының өсуі. Жыл басынан бері 7,4 мыңнан аса 18 млрд теңге көлемінде кредит берілген. Осыған байланысты Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Ұлттық банк және Ішкі істер министрлігі бірлесіп, алаяқтықты анықтау, жолын кесу шараларын жасады», – дейді агенттік төрағасы.
Клиенттердің тұлғасын анықтайтын биометриялық көп факторлы индентификация енгізілді. Банктердің, олардың мобильдік қосымшаларына қауіпсіздік талаптары күшейтілген.
2024 жылдың шілдесінен бастап Ұлттық банкте қаржы институттарымен, құқық қорғау органдарымен алаяқтар туралы ақпарат алмасатын орталық жұмыс істей бастаған. Банктерде тәуекелдерге қатысты жаңа талаптар күшейтілген.
Сонымен қатар, электронды үкімет порталы арқылы онлайн кредит алудан ерікті түрде бас тарту мүмкіндігі қарастырылды. Бас тартылса да, алаяқтар кредит рәсімдеген жағдайда, банктер мен микроқаржы ұйымдары бұл кредитті сызып тастауға міндеттеліп отыр.