Цифрлық теңге, банкаралық инфрақұрылым… Қаржы саласында қандай жаңашылдық енгізілмек?
Ұлттық Банктің департамент директорының орынбасары Ержан Ахметәлі қаржыгерлер конгресінде цифрлық теңге туралы мәлімет берді. Оның айтуынша, цифрлық теңгемен қатар, банктік платформалар мен төлем жүйелерінің банкаралық инфрақұрылымдарының жаңа элементтері іске асырылмақ.
«Бұл қадам банкаралық ынтымақтастықты күшейтуге бағытталып отыр. Бұл салада банкпен бәскелестікке түспейміз. Мақсатымыз – банк арасындағы қатынаста белсенділікті арттыру үшін арнайы инфрақұрылым құру», – дейді ұлттық банк өкілі.
Банк туралы жаңа заңның аясында цифрлық инфрақұрылымдардың мәртебесі белгіленетін болады. Бұл жүйеге бүкіл қаржы нарығын қатысушылары қосылмақ.
«Қаржы нарығын цифрландыру бойынша, үлкен жетістіктерге жетіп отырмыз. Бұл бәріне мәлім. Осы салада аймақта көшбасшы болып қалуға тиіспіз. Сондықтан алдағы бес жылда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен және қаржы нарығына қатысушылармен бірге цифрландыру стратегиясын әзірлейміз», – деді Ержан Ахметәлі.
Қаржыгерлер жыл сайын өткізілетін конгресте өзекті мәселелерді талқылауға бас қосып отыр. Жиында экономиканы либерализациялау, экономикалық өсімді арттыру мәселелері талқыланды.
Ержан Ахметәлі банктердің негізінде маркетплейстердің, қолма- қол ақшасыз төлем жүйелерінің жақсы дамып жатқанын алға тартты.