Перизат Қайрат үстел теннисі федерациясының президенті қызметінен босатылды
«Біз біргеміз Қазақстан 2030» қорынан 1,5 мрлд теңге ұрлады деген күдікке ілінген Перизат Қайрат Қазақстанда пара үстел теннисі федерациясының президенті қызметінен босатылды. Бұл туралы федерация баспасөз қызметі хабарлады.
«Перизат Қайрат қамауға алынуына және тергеу жүргізілуіне байланысты ұйымның президенті бола алмайды. Шешім 14 қарашада федерацияның кезектен тыс жиналысында қабылданды», – делінген хабарламада.
Ақпаратқа сүйенсек, ұйымға қызметке тағайындалған сәттен бастап Перизат Қайрат бірде-бір ресми отырыс өткізбеген және бірде-бір ресми бұйрық шығармаған. Федерация өз жұмысының заң аясында жалғасып, елдегі пара үстел теннисін дамытуға жол салатынын жазған.
14 қарашада Қаржы мониторингі агенттігі Перизат Қайратты өзі басқаратын «Біз біргеміз Қазақстан 2030» қайырымдылық қорынан 1,5 млрд теңге жымқырып, өз жеке мақсаттарына пайдаланды деген күдікпен ұстаған. KursivMedia оның иелігінде мүлкі туралы толық ақпарат жария еткен.