Талғарда Аслан Қасымбаевтың орнына жаңа басшы келді

Жарияланды
Ол аудан әкімдігінің аппаратында мемлекеттік-құқықтық бөлім басшысы болған/Фото: talgar_akimat/instagram

Осы уақытқа дейін бос тұрған Талғар ауданы әкімі аппаратының басшысы қызметіне Нұржан Әбдәлімов тағайындалды. Бұрын бұл қызметті қазір адам ұрлау, денсаулыққа қасақана зиян келтіру айыптары бойынша қамауға алынған Хасан Қасымбаевтың туған ағасы Аслан Қасымбаев атқарған болатын.

«Талғар ауданы әкімі аппаратының басшысы лауазымына Әбдәлімов Нұржан Диханбекұлы тағайындалды. Нұржан Диханбекұлы, жаңа қызметіңізде табыс пен сәттілік тілейміз!» – делінген Талғар ауданы әкімінің әлеуметтік желілердегі парақшасында.

Жаңа басшыға келсек, Нұржан Әбдәлімов 1988 жылы дүниеге келген. Қазақ қатынас жолдары университетінде білім алып, кеден ісі мамандығын алып шыққан. Бұдан кейін «Қайнар» академиясында құқықтану магистрі дәрежесіне ие болды.

2011 жылы Алматыдағы Ақпараттық жүйелер орталығының операторы болып еңбек жолын бастапты. Алатау ауданы әкімі аппаратында, түрлі лауазымды қызмет атқарып келген. 2023 жылы сәуір айынан бері Талғар ауданына ауысқан. Осы уақытқа дейін осы аудан әкімдігінің аппаратында мемлекеттік-құқықтық бөлім басшысы болған.

Айта кететін жайт, Талғар ауданының әкімдігі бұрынғы аппарат басшысы Аслан Қасымбаевтың өз еркімен лауазымынан бас тартқанын хабарлаған болатын. Содан кейін оның інісі Хасан Қасымбаев ұсталды. Талғар қаласында бір топ адам 16 жасар Шерзат Болатты өлтірген соң, «хуторлық бригада» атты қылмыстық топ туралы сыбыс тараған еді. Оның басшысы ретінде Хасан Қасымбаев аталды.

Сондай-ақ оқыңыз