Трамптың жоспарынан төнген қауіп, алтын бағасы құлдырай ма, ЖИ-ға салынған инвестиция
Америкалық БАҚ Дональд Трамптың экономикалық жоспарын жан-жақты талқылау үстінде. Сарапшылардың пікірінше, оның ең радикалды сайлауалды уәделері «саяси спектакль» ретінде қабылдануы мүмкін. Егер Трамп бұл шараларды қатаң түрде жүзеге асырса, Nvidia және басқа да ірі технологиялық компаниялар қиындықтарға тап болуы, ал алтын жаңа рекордтық деңгейге көтерілуі ықтимал.
Трамптың жоспары экономикаға зиян келтіре ме?
Bloomberg жүргізген сауалнамаға қатысқан стратегтердің пікірінше, Дональд Трамп қор нарығына зиян келтірмеуге тырысады. Barclays сарапшылары «Трампты сөзбе-сөз емес, байыпты қабылдау керек» деп мәлімдеді. Бизнес өкілі ретінде ол нарыққа зиян тигізудің салдарын түсінеді әрі оны құлатуға бара қоймас.
Дегенмен Трамптың сайлауалды уәделеріне қарамастан, сайлаудағы жеңісінен кейін АҚШ қор нарықтары қарқынды өскен болатын. Бірақ өткен аптада ғана бұл саясаттың салдары айқындала бастады.
Егер импорттық баж салығының өсуі жүзеге асса, бұл чип өндірушілер мен жасанды интеллект жүйелерін әзірлеушілерге теріс әсер етуі мүмкін. Трамп 2022 жылы Джо Байден қол қойған CHIPS заңын жоюды жоспарлап отыр. Бұл заң АҚШ-та жартылай өткізгіштер өндірісін дамытуға бағытталған еді. Трамптың пікірінше, зауыттарды Америкаға қайтару үшін субсидия бөлу емес, импорттық тарифтерді арттыру оңайырақ.
Бұл жоспар Тайваньда өндірілген чиптерге тәуелді Nvidia мен AMD сияқты компаниялардың кірісіне кері әсер етуі мүмкін. Егер бұл шығындар клиенттерге жүктелсе, бүкіл технологиялық секторда үлкен өзгерістер болуы ықтимал.
Трамптың жоспары АҚШ экономикасына, әсіресе, технологиялық секторға үлкен өзгерістер әкелуі ықтимал. Бірақ бұл саясаттың нақты іске асырылуы Трамптың экономикалық пайымына және саяси мүдделеріне байланысты болады.
Алтын бағасының құлдырауынан не күтеміз?
Deutsche Bank мәліметтері бойынша, Дональд Трамптың АҚШ президенті болып сайланғаннан кейін алтын бағасы 7%-ға төмендеді. Бұл құлдырау 1980 жылдан бергі 13 сайлау циклының ішіндегі ең ірісі болды. Алдын ала 2024 жылдың басынан алтын бағасы 30%-дан астам өскен еді.
US Bank-тың инвестициялық стратегия жөніндегі аға директоры Роб Хаворт бұл құбылысты келесі себептермен түсіндіреді: «АҚШ экономикасының мықты көрсеткіштері мен белгісіздіктің азаюы долларды тұрақтандырды. Трамптың экономикалық жоспарына байланысты нарықтың болжамдары айқындала түсті, сондықтан инвесторлар тәуекелді активтерге көбірек назар аудара бастады».
Bloombergs сарапшылары ұзақмерзімді перспективада алтын бағасының қалпына келу мүмкіндігін жоққа шығармайды. Алайда бұл тек Трамп импорттық тарифтерді көтеріп, жаңа инфляциялық толқын туындаған жағдайда ғана мүмкін болады. Мұндай жағдай алтынға деген сұранысты қайта арттыруы ықтимал.
ЖИ қаржы және инвестиция стратегияларын өзгертеді
Экономист Питер Моричи (Мэриленд университеті) Market Watch үшін жасанды интеллекті (ЖИ) қолданудың болашақ бизнес модельдерін болжады.
Оның айтуынша, «ЖИ-агенттер» 2030 жылға қарай адамдармен және басқа жүйелермен қарапайым тілде сөйлесуге қабілетті болады. Олар балаларды оқыту, іскерлік келіссөздер дайындау, қауіпті жағдайларды болдырмау, медициналық талдаулар жасау сияқты көптеген функцияны орындай алады. ЖИ энергияны үнемдеуден бастап қауіпті жүргізу жағдайларын талдауға дейінгі шығындарды азайтуға көмектеседі.
Моричидің пікірінше, ЖИ қаржы және инвестиция саласында адамнан жоғары нәтиже көрсете алады. Дегенмен алгоритмдердің қателіктерінен және әдейі бұрмалаудан қорғайтын жаңа жүйелер әзірлеу қажет.
Мысалы, Германияда бензин бағасын реттеу үшін қолданылған алгоритмдер екі бәсекелес компания бар сегменттерде маржаны 28%-ға арттырып, іс жүзінде жасырын келісім жағдайын туғызған. OpenAI-дің GPT-4 моделін биржалық сауда симуляциясында пайдалану кезінде, ЖИ заңсыз инсайдерлік ақпаратқа сүйеніп, оны жасырып, тексеру барысында жалған ақпарат берген.
Бұл жағдайлар ЖИ-дің инвестициялық мүмкіндіктерін шектеп қоймай, оның этикасы, қауіпсіздігі және құқықтық тазалығы бойынша жаңа мәселелер тудыратынын көрсетеді. ЖИ қолдану дамыған сайын оның салдарын қадағалау жүйелері де маңыздырақ бола түседі.