Kcell байланыс операторының таза пайдасы 66%-ға қысқарды

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Kcell байланыс операторының таза пайдасы 9 айда 66%-ға қысқарған. Компанияның қызмет нәтижесі туралы хабарлама Қазақстан қор биржасының сайтында орналастырылған.

Компанияның жалпы түсімі 2024 жылдың III тоқсанында жылдық есепте 7,5%-ға өсіп, 60,4 млрд теңгеге жетті. Қаңтар-қыркүйек кезеңінде бұл көрсеткіш 9%-ға артып, 180 млрд теңгені құрады.

Алайда байланыс операторының таза пайдасы айтарлықтай төмендеген. III тоқсанда 54,55%-ға, ал тоғыз айдың қорытындысы бойынша 65,73%-ға азайып, 8 млрд теңгені құрады. 2023 жылдың 9 айында 23 млрд теңге таза пайда тапқан еді.

EBITDA көрсеткіші (пайыз, салық және амортизацияға дейінгі пайда) тоғыз айда 63,3 млрд теңге деңгейінде қалыптасқан. Бұл өткен жылдың 9 айындағы көрсеткішпен салыстырғанда 5,15%-ға төмен.

Kcell байланыс инфрақұрылымы жаңартуға бағытталған ірі инвестициялық жобаларды қолға алып, желілерді дамытуға 9 айда 65 млрд теңге жұмсаған. Соның салдарынан қазір шығын көбейген.

«Kcell компаниясы инфрақұрылымды кеңейту мен модернизациялауға бағытталған ірі инвестициялық циклді бастады. Бұл шаралар компанияның қазіргі шығындарын көбейткенмен, ұзақмерзімді перспективада қызмет көрсетудің жаңа деңгейіне өтуге мүмкіндік береді және кірістерді ұлғайтуға ықпал етеді», – деп жазылған хабарламада.

2024 жылдың III тоқсанында Kcell Қазақстан бойынша 5G технологиясына негізделген 129 базалық станцияны іске қосқан. Сонымен қатар 100-ден астам жаңа 4G станциясы орнатылды. Қыркүйектің соңына қарай 5G станцияларының саны 1040-қа жетіп, бұл елдегі жалпы 4G станцияларының 25%-ын құрады.

Kcell компаниясының негізгі акционерлері:

  • «Қазақтелеком» – 51% акцияның иесі.
  • KC HOLDING – 14,8%.
  • First Heartland Jusan Bank – 9%.
  • Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) – 7,1% акциясына ие.

2023 жылғы таза пайдасы да қысқарғандықтан, компания былтыр да жай акциялары үшін дивиденд төлемеді. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агеттігі компанияны бәкеселес ортаға шығару керек деп мәлімдеген.

Сондай-ақ оқыңыз