2025 жылдан бастап қазақстандық фермерлерге субсидия берілмейді
2025 жылдан бастап қазақстандық фермерлерге көктемгі-күзгі дала жұмыстары үшін субсидия беру тоқтатылады. Оның орнына енді жеңілдетілген несие беріледі. Осылай деп мәлімдеген Ауыл шаруашылығы министр Айдарбек Сапаров фермерлерді жеңілдетілген қаржыландыру ережелеріндегі өзгерістерді айтып берді.
Министрдің айтуынша, биыл бекітілген бюджеттің 50%-ға жуығы банктер мен басқа да қаржы институттарының пайыздық мөлшерлемелеріне жұмсалады. Сондықтан жеңілдетілген қаржыландыру ережелеріне өзгерістер енгізуге тура келген.
«Пайыздық мөлшерлеме бойынша субсидиялардың орнына фермерлерге жеңілдетілген қаржыландыру беріледі. Яғни фермер таза 5% несие алады, ал бұрын пайыздық мөлшерлемені өтеген субсидиялар тікелей қаржы институттарына жіберіледі», – деді министр Айдарбек Сапаров.
Ведомство басшысының сөзінше, осыған дейін фермерлер ауыл шаруашылығы басқармасы, банктермен үшжақты шарт жасап, механизімі күрделі болатын. Ал субсидиялар болмаған жағдайда фермерлер 22%-бен төлеуге мәжбүр еді. Енді келісім тек екі жақты болады.
«Енді келісімшарт екіжақты болады және фермер тек 5% төлейді, бұл несие алу процесін жеңілдетеді», – деді министр.
Сондай-ақ министр қазақстандық фермерлерден астық сатып алуға Үкімет резервінен 10 млрд теңге бөлінетінін мәлім етті. Сапаров бүгін астық сатып алу бағасы жарияланатынын және бірінші кезеңде шамамен 155 мың тонна сатып алынатынын айтты.
Осыған дейін Қазақстан үкіметі шаруаларға қаржылай қолдау көлемін тағы да көтеруге уәде берген еді. Шаруалар мемлекеттен 1,4 трлн теңгеге дейін көмек ала алатынын жария еткен болатын. Бұрын соңды болмаған мұндай рекордтық көрсеткіштегі қаржы көктемгі-күзгі егіс жұмыстарына жұмсалатыны айтылған.