Кремль Вашингтонның Ресейге батыс қаруымен соққы жасауға рұқсат бергеніне қатысты мәлімдеме жасады

Жарияланды
Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Кремль АҚШ президенті Джо Байденнің Батыс қаруымен Ресейдің ішкі аумағын атуға рұқсат беруіне қатысты пікір білдірді. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков «мұны шиелестің жаңа түйіні» деп атады. Бұл туралы Ведомости хабарлады.

 «Мұндай шешім қабылданып, Киев режиміне жеткізілсе, бұл – Құрама штаттардың осы жанжалға араласуы тұрғысынан шиеленістің жаңа түйіні және сапалық тұрғыдан жаңа жағдай», – деді Дмитрий Песков.

Баспасөз хатшысы Кремльде бұған қатысты нақты ақпарат жоқ екенін алға тартты.

«Әзірге тек қана батыс БАҚ-тарында жарияланып жатыр. Бірақ Вашингтоннан кетіп жатқан әкімшілік «отқа май құя» түсіп, осы жанжал төңірегіндегі шиеленісті одан әрі ушықтыру қадамын жасап қалатыны анық. Олардың айтып жүргені де осы еді», – дейді Песков.  

Вашингтонның шешіміне Мәскеу қандай реакция білдіретіні жөніндегі сауалға Песков Путиннің қыркүйек айында Санкт-Петербургтегі мәдени форумда айтқан сөзін алға тартты.

«Зымырандық жүйенің ұшу тапсырмасын тек НАТО елдерінің әскери қызметкерлері ғана енгізе алады. Бұл украиналық әскерилердің қолынан келмейді. Сондықтан, украиналық режимге Ресейге соққы жасауға рұқсат бере ме, жоқ па, мәселе онда емес. Мәселе «НАТО елдері әскери қақтығысқа тікелей араласа ма, жоқ па?» деп шешім қабылдауда жатыр. Бұл шешім қабылданса, онда бұл – НАТО-АҚШ, Еуропа елдері Украинадағы соғысқа тікелей араласты деген сөз», – деп мәлімдеген еді Путин.

Ресей президенті мұндай шешім арқылы Ресейге төнген қатерге сәйкесінше реакция көрсететінін айтқан.

Сонымен қатар Песков Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоғанның Ресей мен Украина арасындағы соғысты тоқтату жөнінде ұсынысына қатысты да ойын айтты. Bloomberg ақпаратына қарағанда, Ердоғанның жоспары мынадай: «Жанжал уақытша тоқтайды. Тараптар ұрыс аймағынан әскерін әкетеді. Және екі елдің қақтығыс аймағына бітімгершілік күштері кіреді». Ердоған мұны G20 саммитінде жария етуді ұйғарып отырған көрінеді.

Кремль Ердоғанның ұсынысын мүлде қабылдамайтынын жеткізді.

«Ұрыс линиясы бойынша тоқтату нұсқасы Ресей тарапы үшін мүлде қолайға келмейді», – деді Песков.

Мұның алдында Джо Байденнің шешімі майданға ықпал ете алмайтыны туралы жазғанбыз.

Сондай-ақ оқыңыз