ЕуроОдақ Грузия үкіметіне бөлген 121 млн еуроны қайтарып алды
ЕуроОдақ Грузия үкіметіне бөлінген 120 млн еуродан астам қаражатты басқа мақсаттарға бағыттауды жоспарлап отыр. Бұл туралы ЕО сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Джозеп Боррель Брюссельдегі кеңес отырысы аясында өткен баспасөз мәслихатында айтты.
«Қазан айында Грузияда парламенттік сайлау өткеннен кейін, елдің қазіргі Үкіметі демократиядан кеткені белгілі болды», – деді ол.
ЕуорОдақ Грузия қарулы күштеріне жұмсалатын қолдаудың күшін жойды. Бұған қоса, үкіметке бөлінген 121 млн еуроны да жібермейтін болды. Бұл қаражат «азаматтық қоғамға және тікелей грузин халқына пайда әкелетін бағдарламаларға» бағытталады.
Бұған қоса, сайлаудың қалай өткенін зерттеу үшін Брюссель Грузияға саяси миссия жібереді. Сайлаудағы құқық бұзушылықтарды бағалау үшін демократиялық институттар мен адам құқықтары бюросы жұмыс істейді.
«Грузин арманы» партиясының көшбасшылары грузин халқының қалауына және елдің ЕуроОдаққа қарай қадам жасауына қарсы шықты. Бәріміз Грузияның еуропалық жолға түскенін қалаймыз. Грузия халқына айтарым: елдеріңіз үшін ЕуроОдақтың есігі ашық», – деді Боррель.
Айта кетейік, 26 қазанда өткен парламент сайлауы нәтижесінде «Грузин арманы» партиясы жеңіске жетті. Ел президенті Саломе Зурабишвили халық сайлау қорытындысын мойындамай, қарсылық білдіруге шақырды. Оппозиция парламент жұмысына бойкот жариялады.
18 қарашада Тбилиси мемлекеттік университеті маңында наразы топ лагерьлер құрып, 24 сағаттық қарсылық акциясына шықты. Олар сайлауды қайта өткізуді талап етіп, Тбилиси орталығындағы көшелерде жол жабатындарын айтты.