Қазақстаннан Түркияға құны 5 млрд теңге болатын алтынды заңсыз өткізген қылмыстық топ сотталды

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Түркия алтын
Қазақстаннан Түркияға алтынды заңсыз өткізген топ сотталды / Фото: shutterstock, бильд-редактор: Артур Алескеров

Қазақстаннан Түркияға құны 5 млрд теңге болатын алтын бұйымдарды заңсыз өткізген екі азамат 11 жылға бас бостандығынан айырылды.

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі соты Еуразиялық экономикалық одақ арқылы алтын контрабандасымен айналысқан төрт азаматты соттады. Олар 2016 жылдан бастап бірнеше жыл Қазақстаннан Түркияға алтын бұйымдарды заңсыз жеткізіп отырған.

2016 жылы екі азамат Түркияға алтын жеткізу схемасын құрып, оған екі ел азаматтарын тартқан. 2020 жылы топта курьер де пайда болған. Ол бұйымдарды түрік шекарасынан өткізуге жауапты болған.

Жұмысы жүріп тұрған 3 жыл ішінде қылмыскерлер салмағы 190 келіден астам алтынды заңсыз шығарған. Шығарылған алтынның жалпы құны 5 млрд теңгеге жуық. Кедендік ережелерді сақтамай жасалған 19 контрабанда оқиғасы тіркелген.

Іс бойынша сот төрт адамға үкім шығарған. Оның біреуі түрік азаматы. Ол өз кінәсін мойындағаны үшін ең аз жаза алған, 1,5 жыл. Заңсыз айналымды ойластырған Қазақстанның екі азаматы 11 жылға, олардың ісіне көмектескен тағы бір қазақстандық 8 жылға бас бостандығынан айырылған. Сот барлық сотталушының жас балалары барын ескеріп, жазаны жеңілдеткен.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Сондай-ақ оқыңыз