Екібастұздағы ГРЭС-3 құрылысына қаржы салудан бас тартқан миллиардер АҚШ-та алаяқтық үшін айыпталды

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Үндістандық миллиардер Гаутам Аданиге АҚШ-та айып тағылды
Үндістандық миллиардер Гаутам Аданиге АҚШ-та айып тағылды / Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

2023 жылы Павлодар облысының Екібастұз қаласындағы ГРЭС-3 құрылысына қаржы салудан бас тартқан үндістандық миллиардер Гаутам Адани АҚШ-та алаяқтық үшін айыпталды.

Үндістандағы Adani Group конгломератының басшысы, миллиардер Гаутам Аданидің миллиардтаған доллар болатын алаяқтық схемасына қатысы бар екенін анықталған. АҚШ прокуратурасы Аданимен қоса, жеті айыпталушының үстінен іс қозғаған. Олардың қатарында миллиардердің немере ағасы Сагар Адани де бар. 

Reuters ақпаратына сүйенсек, прокуратура парақорлық әрекеттеріне Үндістан үкіметінің тікелей қатысы бар деп күдіктеніп отыр. Құқық қорғау органдары Адани Үкімет шенеуніктеріне 20 жыл ішінде 2 млрд доллар пайда түсетін елдегі күн электрстанциясын салу туралы келісімшарт үшін шамамен 265 млн доллар пара беруді қалаған деп күдіктеніп отыр.  Прокурорлар айтуынша, Adani Green Energy компаниясының басшылығы несие берушілер мен инвесторлардан жасырып, 3 млрд доллардан астам несие мен облигация жинаған.

Гаутам Адани мен Сагар Аданиге бағалы қағаздармен, электронды байланыспен алаяқтық жасады деген айып тағылған. Бұған қоса, Гаутам Аданиге АҚШ-тың Бағалы қағаздар және биржалар жөніндегі комиссиясы азаматтық іс бойынша тағы бір айып таққан. Іске қатысы бар өзге азаматтарға АҚШ-тың шетелдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңын бұзу, тергеу сотының жұмысына кедергі келтіру сынды айып тағылған. Прокуратура әлі ешкімді қамауға алмағанын атап өткен.

Forbes миллиардерлер тізімінде 22-орында тұрған 62 жастағы Гаутам Аданидің байлығы 69,8 млрд доллар. 

Адани 2023 жылы Екібастұз қаласындағы ГРЭС-3 құрылысына инвестиция құюды ойлап, кейін бұл ойынан бас тартқан. «Самұрық-Қазына» қорының стратегия және активтерді басқару бөлімі Аданидің жобадан бас тартуының себебін түсіндірген.

Сондай-ақ оқыңыз