Сот Қостанайдағы алапат орман өртіне кінәлі кәсіпорын басшысын 21 млрд теңге өтеуді міндеттеді
Қостанай қалалық соты 2022 жылғы өрт шығындары үшін орман шаруашылығы кәсіпорнының бұрынғы басшысынан 21 млрд теңге өндіруге шешім шығарды. Бұл туралы Жоғарғы соттың баспасөз қызметі хабарлады.
Жоғарғы соттың мәліметінше, аталған мекеме басшысы осы кәсіпорынды басқарып тұрған кезде қызметтік өкілеттілігін асыра пайдаланыпты. Айталық, жаз мезгіліндегі аптапта өрт қаупі жоғары болатыны белгілі. Сондықтан орман қоры аумағына адамдардың кіруіне үзілді-кесілді тыйым салынады. Бұған қарамастан, ол жеке бригадаға орманға келіп, ағаш кесуге рұқсат берген.
Соның кесірінен бұдан екі жыл бұрын алапат өрт шыққан. Жалын Басаман, Семиозерный орман шаруашылығы аумағын, Әулиекөл ауданындағы Аманқарай және Озерное ауылдарын шарпыған болатын. Жоғарғы соттың пікірінше, ағаш кесуші бригаданың құрал-жабдықтары дұрыс жұмыс істемей, өрт тұтануға әкеп соққан.
Мұның алдында қалалық сот мекеме басшысын кінәлі деп таныған-ды. Жаза ретінде өмір бойына мемлекеттік қызметте басшылық жасауға тыйым салып, 4,5 жылға бас бостандығынан айырып отыр.
Жоғарғы соттың мәліметінше, басшының салғырттығынан өсімдіктер мен жануарлар әлемі зардап шегіп, 32 мың гектар орман алқабы өртеніп кеткен.
Содан кейін уәкілетті орган мекеме басшысы мен оның жұбайынан мемлекетке келтірілген шығынды өтеу туралы талап-арыз түсірген. Сот талап-арызды ішінара қанағаттандыруға шешім қабылдады. Жауапкер мемлекетке 21 млрд 436 млн теңге төлеуді, соның 18 млрд теңгесі облыс бюджетіне, ал 326 млн теңгесі – аудан бюджетіне шығынды өтеуді міндеттелді.
Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.