Перизат Қайрат ісінен кейін, қайырымдылық қорларын кім тексереді — Смайылов жауап берді
Енді Жоғары аудиторлық палата бюджеттен тыс қорлардың да ашықтығына тексеріс жүргізуі мүмкін. Оның ішінде қайырымдылық қорлары да бар. Бұл жайында палата төрағасы Әлихан Смайылов мәлім етті.
Смайыловтың айтуынша, бүгінде Жоғары аудиторлық палатаның (ЖАП) бюджеттен тыс қорларды тексеруге құзыреті жоқ. Алдағы уақытта палата ондай қорларға да аудит жүргізуді көздеп отыр.
«Өздеріңіз білетіндей, палата тек мемлекеттік бюджет қаражатын және мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдарда бар активтерді пайдалану аудитін жүргізеді. Дегенмен қарастырылып жатқан Бюджет кодексі жобасы аясында біз ЖАП-қа мемлекетпен байланысты бюджеттен тыс қорларды тексеру құқығын беру туралы ұсыныс енгіздік. Мұндай қорлар мемлекет құрған, мемлекет қатысқан немесе оларға мемлекеттік функциялар жүктелген жағдайларда аудит жүргізу мүмкіндігін қарастыру маңызды. Бұл ұсыныс қабылданса, ЖАП-тың бюджеттен тыс қорлардағы қаражаттың дұрыс және тиімді пайдаланылуын тексеру өкілеттігі пайда болады», – деді Әлихан Смайылов Сенат кулуарында.
Палата төрағасы журналистердің «Қазақстан халқына» қоры тексеріле ме» деген сауалына да жауап берді.
«Қазақстан халқына» қоры бюджет қаражатынан құрылмаған. Осыған байланысты ЖАП-тың мұндай қорларды тексеруге құзыреті жоқ,– деді палата төрағасы.
Десе де, Смайылов палатада мұндай қайырымдылық қорларын тексеру құзыреті болмаса да, олардың ашықтығын қамтамасыз ету керек екенін айтады. Тіпті өзінің ұсынысын жеткізді.
«Менің ойымша, қаражаттың ашықтығы үшін мұндай қоғамдық ұйымдар тәуелсіз аудиторлық компанияларды таруы керек. Осылайша, демеушілер мен қайырымдылық көмек көрсетушілерге қаражаттың қалай және қайда жұмсалғаны туралы есеп беруі тиіс. Бұл мәселе, ең алдымен, осындай қайырымдылық қорлардың ұйымдастырушыларының жауапкершілігінде. Қоғамдық сенімді сақтау және қаражаттың тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету үшін бұл тәжірибе тұрақты түрде жүзеге асырылуы қажет», – деп толықтырды Смайылов.
Сенат спикері Мәулен Әшімбаев та қазақстандықтардың қайырымдылыққа аударған қаржысын жымқырды деген күдікпен ұсталған Biz birgemiz қорының басшысы Перизат Қайратқа қатысты өз пікірін білдірді. Журналистер Сенат төрағасынан кезінде Перизат Қайраттың бастамасымен оңалту орталығының құрылысына қолдау білдіргенін еске салып, онымен қаншалықты жақын таныс екенін сұрады.
«Мен Перизат Қайратпен жақын таныс емеспін. Әртүрлі қоғамдық іс-шараларға қатысып, көптеген адаммен кездесетінімді білесіздер. Әр аптада бірнеше ресми және қоғамдық шаралар өткізіледі. Бұрынғы жылдары осындай шаралардың бірінде кездескен болуымыз мүмкін, бірақ оның өзімен жақын араласатын деңгейде болған емеспін. Мәселенің мән-жайы тергеу нәтижесінде анықталады. Барлық күдікке ілінген тұлғаларға қатысты нақты шешімдерді тек тергеу органдары қабылдайды, ал кінәлілер заң бойынша жауапқа тартылады», – деп түсіндірді Әшімбаев.
Еске сала кетсек, Қаржы мониторингі агенттігі «BizBirgemiz Qazaqstan» қайырымдылық қорының жетекшісі ұсталғанын, оның 2024 жылдың көктемінде елдің 10 облысында болған су тысқыны кезінде халыққа көмекке деп жиналған 1,5 млрд теңгеге жуық қаражатты ұрлады деп күдікке ілінгенін хабарлады. Ашық деректерде «BizBirgemiz Qazaqstan» қайырымдылық қорының құрылтайшылары ретінде 10 адам тіркелген. Бірінші жетекші құрылтайшысы ретінде Перизат Қайрат көрсетілген.