Жекеменшік мектептің оқушылары да ыстық тамақты тегін ішеді
Қазақстандағы жекеменшік мектептегі әлеуметтік осал топтағы оқушылар да ыстық тамақты тегін ішуі мүмкін. Бұл туралы жекеменшік мектептердің тұңғыш республикалық конференциясында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев айтты.
Министрдің айтуынша, Үкімет бастамасымен Мәжілісте жекеменшік мектептегі әлеуметтік осал топқа кіретін отбасынан шыққан оқушыларды тегін тамақтандыру мәселесі қаралып жатыр. Бұған қоса, осы оқушыларды оқулықпен қамту мәселесі де алға қойылған.
«Бұл мемлекеттің жеке секторға қолдау көрсетуінің айқын дәлелі бола алады. Білім беру ұйымдарының меншік түріне қарамастан басты міндеті – еліміздің сапалы адами капиталын қалыптастыру. Әрбір бала сапалы білім алып, қауіпсіз әрі жайлы ортада дамуы керек», – деді министр.
Министрдің айтуынша, қазір елімізде 800-ден астам жекеменшік мектеп бар. Онда жалпы саны 250 мың бала білім алады. Бұл оқу орындарына қолдау көрсету үшін 2024 жылдың өзінде 161 млрд теңге бөлінген. Бұл бір балаға есептегенде жылына шамамен 640 мың теңге болады. Министр осы қолдау арқасында соңғы 3 жылда елдегі жекеменшік мектептер саны 3 есе артқанын атап өтті.
Айта кетейік, 2024 жылдың маусым айында Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан жекеменшік мектептегі 1-4-сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамту жобасы қарастырылып жатқанын оған шамамен 12 млрд теңге қажет болатынын айтқан. Вице-министр бұл қаржыны жергілікті бюджеттерден бөлу туралы ұсыныстың Мәжіліске жіберілетінін атап өткен.
Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова 2024 жылдың наурыз айында жекеменшік мектепте оқитын тұрмысы төмен отбасылардың балаларына көмек көрсету мәселесін көтерген депутаттар сауалына жауап берген еді.