Даунсайзиң: қызметкерлерді қысқарту керек болғанда қандай стратегия қолданған жөн?
Құбылмалы заманның бизнесі де өзгеріске оңай бейімделіп отыруға тиіс. Жаһанды жаулаған дижитализация кезінде компаниялар ресурсын оңтайландырып, басқаша әдіс-тәсілдер қолданбаса болмайды. Әсіресе, қызметкерлер санын қысқарту керек болғанда дұрыс стратегия таңдау керек. Өйткені өгізді де өлтірмейтін, арбаны да сындырмайтын оңтайлы тәсіл табу маңызды. Ендеше, даунсайзиң деген не? Ол қалай жасалады? Қандай түрлері барына тоқталайық.
Даунсайзиң деген не?
Даунсайзиң — бизнестің ауқымын кішірейтіп, шығынды азайтуға бағытталып жасалатын стратегиялық бастама. Оның ішінде қызметкер санын азайтып, компания құрылымын өзгерту бар. Мұны іске асырғандағы басты мақсат — табысты барынша көбейту әрі нарық жағдайының өзгергеніне қарай бейімделу. Даунсайзиңнің мынадай түрлері болады:
- Қызметкерлерді қысқартатын әдіс. Компания қол астындағы жұмысшы санын азайтатын, ең жиі жасалатын тәсілдің бірі. Мысалы, сауда азайып кеткенде не дағдарыс бола қалғанда табысты аз түсіретін бөлімдерді жауып тастайды. Бұл жерде бастысы білікті мамандардың айырылып қалмас үшін қандай позицияларды жабу керек екеніне дұрыс талдау жасалуға тиіс.
- Аутсорсиң. Енді бірде компаниялар кей функцияларды атқаруды сырттағы басқа мердігерлердің қолына тапсырады. Осылайша штаттағы қызметкерлерге кететін шығынды азайтады. Мәселен есеп бөлімі не IT-бөлімін ұстамай, оны агенттіктерге береді дегендей. Осылайша айлыққа беретін, жабдықтарға жұмсалатын ақшаны үнемдейді.
- Процестерді оңтайландыратын тәсіл. Компания жұмыс процестерін қайта қарап шығады да, ішіндегі тиімсізін анықтайды. Мысалы, күнделікті болатын, қайталанатын шаруаларды автоматтандыруға болатын болса, сондай әдісті іске қосады. Осы арқылы қызметкерлерді қысқартпай, тек керек процестерді қалдырады.
Қандай артықшылығы бар?
Даунсайзиң процесі өте күрделі. Оны жасау үшін компания егжей-тегжейіне дейін бәрін жоспарлап қойған болуы қажет. Егер бәрін реттеп, нақты жоспар жасалса, онда мына нәрселер міндетті түрде қамтылады:
- Бизнестің қазіргі ахуалына толықтай талдау жасалады;
- Қай бағытта даму көзделетін болса, сол басым бағыттар анықталады;
- Өзгеріс жасаған кезде қолда бар ресурстар барынша тиімді жұмсалады.
Осы бағыттар толық қамтылса, онда жоспар сауатты жасалды деген сөз. Соның арқасында бизнес иесі компания құрылымын қайта жасап, бұрынғыға қарағанда икеміне қарай реттеп алады. Оған қоса компанияның қаржылық жағдайын оңтайландырып, шығындарды азайтып, процестердің өнімділігін арттырады. Даунсайзиң дұрыс жасалса, мықты тұстарға басымдық беріліп, ресурстар да орынды жұмсалады. Әрі компания ауқымы, көлемі шағын болған сайын нарықтағы өзгерістерге жедел бейімдеу оңайырақ бола түседі. Тұтынушылардың сұраныстарына да дереу жауап қатуға болады.
Қандай қауіпті тұстары бар?
«Тәуекел түбі — желқайық, есесің де кетесің» демекші, мұндай процесс басталғанда үлкен тәуекел жасалатыны белгілі. Сондықтан осы ретте қандай қауіп барын да атап өткен дұрыс. Жалпы алғанда компанияны дағдарыстан аман алып шығу үшін жасалатын амал болғандықтан, даунсайзиң көбіне мұқтаждықтан өткізіледі. Десе де, бәрі оңай бола қоймайды. Басты қауіпті тұстары мынадай:
- Білікті мамандардан айырылып қалуыңыз мүмкін. Әсіресе, өте көп қызметкерді қысқартқан кезде компанияға пайдасы тиетін, мықты мамандар да жұмыссыз қалып жатады. Ал бағалы қызметкерден айырылсаңыз, күні ертең бәсекеге қарсы тұра алмай қиналып қалуыңыз әбден мүмкін.
- Сынның астында қалуыңыз мүмкін. Әрине, ешкім еріккеннен қызметкерлерді қысқартпайды. Әр әрекеттің түсіндірмесі бар. Десе де, табанасты жұмыссыз қалған кімге ұнасын? Даунсайзиңнің кесірінен бизнес үлкен сынға тап болады. Клиенттер болсын, жалпы қоғам болсын бұған өте негатив реакция білдіреді. Сондықтан имиджіңізге нұқсан келуі мүмкін екенін ескеріңіз. Барынша жұмсақ жолмен шешуге тырысу керек. Мысалы, 2008 жылдары болған қаржы дағдарысы кезінде General Motors, Ford, Chrysler сияқты автокөлік өнеркәсібі саласындағы маңдайалды компаниялар мыңдаған қызметкерді қысқартқан еді. Соның салдарынан жаппай қарсылыққа тап болып, қоғам табалаған болатын.
- Ұжым мәдениеті жоғалуы мүмкін. Тәжірибелі, білікті қызметкерлерді жұмыстан шығарғанда компанияның ұжым мәдениетін қалыптастыратын құнды білім мен білік те жойылуы ғажап емес.
Қандай жағдайда даунсайзиң жасаған абзал?
Даунсайзиң жасаймыз деп шешім қабылдау өте қиын. Сондықтан екінің бірі дереу өткізе салмайды. Оның қажет болатын белгілі бір жағдайлары болады. Соның ішінде мынадай:
- Қаржылық жағдай қиындаған кезде. Егер компания дағдарыс алдында тұрса, онда шығындарды барынша азайту үшін даунсайзиң жасалады. Мысалы, қызметкерлерге жалақы беруге мүмкіндік болсын деп кейбірін қысқартады.
- Бизнес-модель өзгерген кезде. Нарықта жағдай құбылғанда не басқа да сыртқа факторларға байланысты кейде компанияларға бизнес-моделін ауыстыруға тура келеді. Айталық, тауар өндіретін компания болса, сұраныс азайып кеткен өнімді шығармауға шешім қабылдайды. Сөйтіп сол тауарларды өндірумен айналысатын қызметкерлерді қысқартып, сол арқылы шығынды азайтады.
- Жұмыс өнімді болсын деген оймен. Кейде даунсайзиң осы мақсатта да жасалады. Мәселен компания басқару құрылымын жеңілдетіп, болмаса процестерді реттегісі келеді делік. Мұндайда штатты қысқартып, діттеген мақсатқа жетуге болады.
Ешкімді ренжітпей даунсайзиң жасауға бола ма?
Айтқандай, даунсайзиң жасағанда қызметкерлер жұмыссыз қалып, бөлімдер жабылады. Сондықтан жағымсыз салдары барынша аз болатындай етіп атқару керек. Компания беделіне нұқсан келтірмей, қысқарып қалғандарды да риза қылатын жол керек. Сондықтан мына жоспарды назарға алуға кеңес береміз:
- Қызметкерлеріңізге шындықты айтыңыз. Бастысы аяқ-асты емес, алдын-ала, қалай бар болса солай айтқан жөн. Даунсайзиң жасау туралы жоспар барын, оның неге атқарылатынын, компанияның ұзақ мерзімге бағытталған жоспарын айтып түсіндіріңіз.
- Қысқартылатын қызметкерлерді ренжітуге болмайды.Оларға көмектесуге міндеттісіз. Бәлкім, басқа жұмысқа тұруға қол ұшын берерсіз. Болмаса, әлдебір курс ақысын төлеп бересіз бе, ойластырыңыз. Әрине, жұмыссыз қалғанына байланысты өтемақы беруіңіз керек. Сонда олар бұл хабарды жақсырақ қабылдайды. Әйтпесе, аяқ-асты жұмыссыз қалу кімге болсын оңай тимейді.
- Даунсайзиңнен кейін компанияның аяққа тұруына көмектесетін, мықты, қабілетті кадрларды сақтап қалыңыз.
- Бизнес пен клиенттерге қызмет көрсетуге негатив әсер аз болуы үшін оңтайлы сәтті күтіңіз.
- Алда болатын өзгерістер оң болуы үшін даунсайзиң салдары мен оның қаншалықты тиімді болатынына жан-жақты талдау жасаңыз.
Даунсайзиңнің сәтті кейстері
Microsoft
2014 жылы Microsoft компаниясы даунсайзиң жасады. Алпауыт кәсіпорындардың ішінде кейс ретінде айтып жүруге тұрарлық мысалдың бірі ретінде айта кеткенді жөн көріп отырмыз. Компания ол кезде жалпы қызметкер санының 14%-ын (18 000 жұмыс орны) қысқартқан еді. Олар қалай іске асырды? Microsoft осы шешімінің арқасында шығынды азайтып, қызмет бағытын клауд технологиялар мен мобайл бағдарлама жасақтамасына қарай бұрды. Даунсайзиң жасау туралы шешім дұрыс болып шығып, соның арқасында бәсекеге қабілетін арттырып, табыс тұрақты түсіп тұратындай нәтижеге қол жеткізе алды.
Hewlett-Packard
2015 жылы Hewlett-Packard компаниясы өте үлкен реструктуризация жасап, құрылымды қайтадан жасақтады. Қызметкерлерінің шамамен 10%-ын жұмыстан шығарды (33 300 жұмыс орны). Даунсайзиң нәтижесінде HP қаржылық жағдайды жақсартып, IT-технологиялар саласында ойып тұрып орын алды.
Slack Technologies
Компания 2020 жылы кризиске байланысты даунсайзиң жасауға мәжбүр болды. Бизнес штатты қысқартып, кейін жұмыс істейтін командаларды гибрид форматқа ауыстырып, трансформация жасады. Жұмысты осылай ұйымдастырғаннан кейін шығын азайып, нарықтағы өзгерістерге бейімделу жеңілдеген. Бірақ қызметкер саны азайса да, қызмет көрсету сапасын бұрынғысынша жоғары қалыпта сақтай алды.
Даунсайзиңдегі жаңа трендтерге шолу
- Командаларды гибрид форматта біріктіруге болады. Яғни ұжымда кеңседе істейтіндер де, қашықтан істейтіндер де бар. Соның арқасында шығын азаяды. Жұмыс жақсы жүруі үшін жаңа дижитал құралдар мен технологиялар қолданылады. Айталық, барлығы бір платформада жұмыс істеп, бір-бірімен бір жерде отырғандай болады. Синергия болса болғаны, ұжым мәдениетіне нұқсан келеді деп уайымдамайсыз.
- Басқару формасына дижитал трансформация жасауға болады. Басқару процестерін өзгерткен кезде биг дата мен жасанды интеллектіні қолданып автоматизация енгізіледі. Ол технологиялар ресурстар мен тапсырмаларды жақсырақ қадағалауға мүмкіндік береді. Одан қала берді аналитика жүргізу де жеңілдейді.
- Қызметкерлердің білігін қайта қарастыратын не дамытатын жолдар таңдауға болады. Үнемі қызметкерлерді қысқарта берсеңіз, ол ұжымдағылардың бойына үрей тудырады. Сондай болмас үшін қазір көбі қайта біліктендіру бағдарламаларын, курстар оқуға мүмкіндік беретін болған. Сол арқылы жаңа қызметке тез бейімделу оңайырақ болады.