eGov mobile қосымшасында уақыт белдеуін ауыстыруға қатысты сауалнама жарияланды
eGov mobile қосымшасында уақыт белдеуін ауыстыруға қатысты сауалнама жарияланды. Онда азаматтардан қай уақыт белдеуі оңтайлы екені сұралады.
eGov mobile қосымшасының «Сауалнамалар» бөліміне 21 қарашада орналастырылған сауалнама 5 сұрақтан тұрады. Олар келесідей:
- Күндізгі уақытта не нәрсеге көп уақытыңыз жетіспейді?
- Күніңіздің қай бөлігін ең өнімді деп санайсыз?
- Қаламызда кафелер мен фитнес орталықтарын ертерек ашу идеясына қалай қарайсыз? Бұл сіздің күніңізді жайлы ете ме?
- Қазіргі қолданыстағы уақыт өлшеміне қатысты ойыңыз қандай?
- Сізге қай уақыт белдеуі оңтайлы?
Жауапта бұрынғы уақыт белдеуіне оралу нұсқасы да бар.
Еске сала кетсек, Ғылым министрі Саясат Нұрбек 20 қараша күні бірыңғай уақыт белдеуінің қазақстандықтарға әсерін зерттеуге 160 млн теңге жұмсалатыны туралы айтқан болатын. Министр ақша жоспарланған сомадан да аз кетуі мүмкін екенін, ғылыми зерттеуге бірнеше институт қатысатынын атап өтті.