Атыраулық компания Қатардың кен орындарында құрылыс жұмыстарын бастайды
Атыраулық CHI мұнайсервис компаниясының Centrasia Middle East Contracting and Contracting атты катарлық бөлімшесі Катаргаз зауыттарында құрылыс жұмыстарын жүргізу туралы келісімшартқа қол қойды. Келісімшарттың құны – 10 миллионнан астам қатар риалы (1 млрд 360 млн теңге).
Компанияның директорлар кеңесінің төрағасы Алмас Құдайбергеннің айтуынша, CHI Қатаргаз зауыттарына қазақстандық жұмысшыларын тартып жатқан алғашқа компания болып отыр. Қатардағы компания бір жарым жыл ішінде ашылған. Үш ай жүргізілген келіссөздерден кейін Қатаргаз зауыттарында ағаш құрастыру, бояу жұмыстар бойынша 5 жылдық келісімшартқа қол қойылып отыр.
«Тапсырыс беруші өте жоғары талаптар қойып отыр. Теңіз, Қашаған және Қарашығанақта жұмыс тәжірибеміз бар. Сондықтан ұсынылған талаптармен таныспыз. Келісімшартқа қол қойылғанға дейін-ақ қызметкерлерімізді мобилизациялауды бастадық. Уақыт өте келе, жүздеген қазақстандық біздің жобаларымызда, яғни Қатар филиалында жұмыс істейді деп үміттенеміз», – дейді Алмас Құдайберген.
Қазақстан Республикасының Энергетика вице-министрі Әлібек Жамауовтың айтуынша, Қазақстандық мұнайшылар Таяу Шығыста жоғары бағаланады. Олар халықаралық ірі компанияларда ғана емес, Таяу Шығыстың ұлттық мұнай-газ компанияларында да қызмет атқарады.
«Мысалы, Қатардағы Total-дың елдік директоры – қазақстандық, ал Shell Qatar қаржы директоры – біздің отандасымыз. Екінші кезең – қазақстандық кадрларды ғана емес, сонымен қатар компанияларды экспорттау. Біз 2023 жылдың қазан айынан бастап осы елдердегі әріптестерімізбен сәтті келіссөз жүргізіп жатырмыз. Соның алғашқы нәтижелерін көріп отырмыз», – дейді Әлібек Жамауов.
Оның айтуынша, қазақстандық компаниялар биыл Қатарда, Сауд Арабиясында, Әмірліктерде жұмыс істей бастаған. Бұл елімізге ондаған миллион АҚШ доллары көлемінде шетел валютасын тартуға мүмкіндік бермек.
KazService Президиумының төрағасы Рашид Жақсылықовтың сөзіне қарағанда, Қазақстанның 150-ден астам мұнайсервис компаниялары қауымдастыққа бірігіп отыр.
«Алдағы 2 жыл ішінде Қазақстанның кемінде 20 мұнайсервис компаниясын Таяу Шығыстың мұнай-газ нарықтарына шығаруға мақсат қойып отырмыз. Онда 2030 жылға дейін 660-тан астам жобаларға жыл сайын кемінде 115-120 миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестиция құйылатын болады», – деді KazService Президиумының төрағасы.