Үлескерлік құрылыс арқылы үй алғанда нені ескеру керек? Елорда әкімдігі алаяқтарға алданбау жолын түсіндірді
Жаңа үй сатып алғанда жинаған қаражаттан айырылып, баспанасыз қалмас үшін қандай ережелерді білген жөн? Үлескерлік құрылыс арқылы үй алғанда нені ескеру керек? Астана қаласының әкімдігі елордалықтарға алаяқтарға алданбау жолын түсіндіріп, бірқатар кеңес берді.
Әкімдік, ең алдымен, құрылыс салушыдан үлескерлердің қаражатын жинауға рұқсат құжаттарын толықтай мұқият тексеру маңызды екенін еске салады.
Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу қалай жүзеге асады?
- тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторының кепілдігін алу;
- екінші деңгейдегі банктің жобасына қатысу;
- тұрғын үйдің қаңқасын тұрғызғаннан кейін үлескерлердің ақшасын қабылдау.
«Тұрғын үй салу үшін үлескерлердің ақшасын алдын ала брондау шарты, резервтеу шарты, инвестициялау шарты, талап ету құқығын басқаға беру шарты арқылы өзге тәсілдермен қабылдауға тыйым салынады»,- деп хабарлады әкімдік.
Тұрғын үй компаниялары туралы мәліметті қайдан қарауға болады?
Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысуға жергілікті атқарушы органнан берілген рұқсаттар туралы мәліметтерді «Астана қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» ММ ресми сайты арқылы білуге болады. Бұдан бөлек, Астана әкімдігінің ресми сайтында үлескерлердің ақшасын қабылдауға рұқсаты жоқ салынып жатқан тұрғын үй кешендерінің тізімі де жарияланып тұрады. «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ-ның салынып жатқан объектілеріне кепілдік беру туралы келісімдердің тізілімі де жарияланады.
Үлестік қатысу туралы шарт жасамас бұрын нені ескеру қажет?
- шарт жазбаша нысанда жасалады және ол жергілікті атқарушы органда есепке қойылған сәттен бастап жасалған болып есептеледі;
- үлескерлердің ақшасын қабылдауды уәкілетті компания жергілікті атқарушы органның рұқсаты негізінде жүзеге асырады;
- уәкілетті компания тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт жасасу мақсатында жүгінген жеке және заңды тұлғаларға танысу үшін құрылыс нысаны туралы толық ақпарат береді;
- уәкілетті компания толық емес және дұрыс емес ақпарат берген жағдайда, үлескер тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шартты жарамсыз деп тану туралы талап-арызбен сотқа жүгінуге құқылы.
«Егер сізбен қолданыстағы заңды бұзу арқылы мәміле жасалған болса, Астана қаласы, Бейбітшілік көшесі 9, 324-кабинет мекенжайында орналасқан «Астана қаласының қалалық орта сапасын бақылау және бақылау басқармасы» ММ уәкілетті органына жүгіну қажет. Байланыс телефондары: 8 (7172) – 55-04-28, 55-67-03″,- деп хабарлады Астана әкімдігі.
Айта кетейік, Қазақстанда 4,5 млн адам баспанаға мұқтаж. Осыған орай мәжіліс депутаты Нұргүл Тау үй құрылысына үлестік қатысу шарттарын өзгертуді ұсынған болатын. Депутат елдегі үлестік құрылыстың көлеңкелі нарығы жағдайға теріс әсер етіп жатқанын айтты. Саладағы көлеңкелі нарық үлесі 70%-ға жеткен.
Еске сала кетсек, сарапшылар алдағы жылдары Қазақстанда тұрғын үйге сұраныс арта түседі деп болжайды. 2030 жылға қарай жалпы республика халқының саны 1,6 млн адамға өспек. Оның ішінде Астана, Алматы, Шымкент тұрғындарының саны 1,2 млн адамға көбейеді. Нәтижесінде 6 жылдан кейін халықтың 28%-ы ірі қалаларға қоныстанады. Бұл өз кезегінде баспананың қымбаттап, тапшылықтың арта түсуіне жол ашады