Селф-презентация машығын қалай дамытамыз?
Біздің мәдениетімізде өзі жайлы басқалар емес, өзі айтса көбіне мақтан ретінде қабылдайды. Жұмыста да өзінің мықты тұстарына екпін қойып тұрып айтқан әріптесті мақтаншақ Қожаға теңеуі мүмкін. Асылы бұлай ойлау — қате. Өйткені ойға қонымды, сауатты селф-презентация ешкімге артық болмайды. Басқаларды төмендетпей, өзін көкке тіремей ақпарат бере алу — өнер. Әрі бұл қасиетті кез келген адам дамыта алады. Селф-презентация — талант емес, машық. Олай болса, өзіңізге жақсы маркетиң кампаниясын қалай ұйымдастыруға болатыны туралы сөз қозғайық.
Өзін-өзі таныстыру һәм селф-презентация деген не?
Селф-презентация (ағылш. self-presentation) — адамның өзін басқаларға қалай таныстыратынын көрсететін процесс. Мысалы сіз жаңа ортаға келдіңіз делік. Сізді көргенде адамдардың алғашқы әсері қандай болады? Бұл әсер өте маңызды болғандықтан, өзіңізді іштей тәрбиелеп, реттеп алған абзал. Демек, селф-презентацияның мақсаты — сіз жайлы ой қалыптастыратын жағымды қасиеттеріңізге акцент түсіру. Оның форматы неше түрлі болуы мүмкін. Біреуі түйіндеме, біреуі портфолио, енді бірі питч қылып дайындайды. Тіпті қазіргі таңда әлеуметтік желіде жүргізетін парақшаңыз да бедел қалыптастыратын, имидж жасайтын құралға айналып отыр. Өйткені қызығушылығыңызды, маман ретінде жеткен жетістіктеріңіз, мықты тұстарыңызды — бәрін желіге сала отырып, өзіңіз жайлы ой қалыптастырасыз. Ендеше, селф-презентацияның мынадай екі мақсатына тоқталайық:
- Мықты тұстарды көрсетеді. Яғни қандай жақсы қабілетіңіз бен қасиетіңіз бар — солардан хабар бересіз. Мәселен сіз жас IT-мамансыз. Әзірге айтарлықтай алпауыт компаниялармен жұмыс істеген кейсіңіз жоқ. Тәжірибеңіз де көп емес. Бірақ есесіне командамен жақсы жұмыс істейтін, келісім жасасатын мықты қабілетіңіз бар. Олай болса, жұмысқа қатысты сұхбаттасқан кезде сондай софт-скилз жайлы міндетті түрде айтуыңыз қажет.
- Компаниямен байланыс орнатуға көмектеседі. Ол үшін басқа емес, неге дәл осы маман әріптестеріне пайдалы болып, жұмысты жақсырақ істейтінін анықтау керек. Ал анықтауға адамның өзі себепші болады. Демек, жұмысқа орналасатын кезде машықтарыңызға анализ жасауыңыз керек болады деген сөз. Осы арқылы компаниямен байланысқа шығасыз.
Қандай стратегиялар бар?
Көбіне селф-презентация мынадай екі стратегияға сүйене отырып жасалады:
- Жеке бренд. Бұл дегеніміз — жұртшылықтың сіздегі белгілі бір құндылық, машық не ұстанымға байланысты қалыптасқан образы. Жақсы жағынан қалыптасса, ол сіздің маман ретінде алға шыңдалуыңызға көмектеседі. Адам өз көзқарасы туралы көбірек айта берсе, бірте-бірте көпшілік сізді сол ұғыммен егіз қылып қабылдай бастайды.
- Компанияға бағытталған стратегия. Ұжымдағы құндылық деп қызметкерлердің ішкі және сыртқы коммуникация барысында ұстанатын қағидаларын айтамыз. Мәселен сіз қазір істеп жатқан жеріңізде әлі кемінде 5 жыл жүрем деп жоспарлап отырсыз. Мансап жолында өскіңіз келеді. Олай болса, ұжым құндылықтарына сай жүруіңіз қажет. Кей компанияларда иерархия болмайды, бәрі бір-біріне «сен» деп сөйлесе береді, қатып қалған дресс-код жоқ. Ондайда сіз де солай үйренесіз. Ал кей жерде тек классикамен жүріп, әріптестермен артық әзіл айтылмауы керек дегендей. Жалпы алғанда енді жұмысқа кіремін деп селф-презентация қалай жасауды ойланып жүрсеңіз, таңдап тұрған компанияңыздың ұжымдағы құндылығын зерттеп алыңыз.
Ілеспе хат
Жұмысқа үміткерді сұхбатқа шақыру-шақырмауын ілеспе хаттың қалай жазылғаны шешеді десек, сенесіз бе? Егер ол қалай болса солай жазылса, онда түйіндемеңіз қоқыс шелектен бір шығады. Сол себепті жұмысқа ілеспе хат дайындағанда жаныңызды салуға тырысыңыз. Хат «тірі» болсын. Өйткені жұмысқа қабылдайтын адам — күніне жүздеген түйіндеме қарайтын, көп хатты бірінші сөйлемінен-ақ танитын күнге жеткен маман. Сіздікі ерекшеленіп тұрмаса, офферсіз қалуыңыз әбден мүмкін. Хат құрылымы шамамен мынадай болады:
- Компания мәдениетіне сай амандасыңыз.
- Одан соң хат жазып отырғандағы мақсатыңызды айтыңыз.
- Неге осы қызметке тұрғыңыз келетінін жазыңыз.
- Компанияға сізден қандай пайда болатынын жіліктеп шығыңыз. Сөздеріңіз фактімен бекітілсе, құба-құп.
Селф-презентация барынша әсерлі шығуы үшін STAR схемасы бойынша әрлесеңіз болады.
S — бұл бөлімде командаға келген кезде жағдай қандай болғаны сипатталады;
T — басым міндетті анықтайды. Мысалы рекрутментті автоматтандыру керек дегендей;
A — рекрутмент жүйесіне сай келетін критерийлерді тізіп шығады. Сол жүйелер нарығына анализ жасалады. Өкілдермен кездесіп, қайсысы қалай жұмыс істейтінін тексереді. Мықты тұсы мен әлсіз тұсын анықтайды. Содан минус пен плюстерді білген соң таразылап, басшылыққа қай жүйені орнату керегін айтады да, орнатады;
R — соның арқасында вакансиялар тез жабылады. Бәрі риза.
Питчиң
Питч — сторителлиң форматында жасалатын, ұзақтығы 1-5 минуттан аспайтын қысқаша презентация. Ондайда өзіңізді құдды бір фильм кейіпкеріндей сезінсеңіз болады. Яғни сіздің өз жолыңыз бар, әрі сол жолда түрлі қиындықтан өтіп, жеңіске жеттіңіз. Бірақ ол жеңіс оңай келген жоқ. Түрлі кедергі кездесті. Сіз мойымай күрестіңіз. Ол жолда сізге кім, қалай көмектесті? Осының бәрін қысқа да нұсқа жеткізе білу — өнер. Питчиң кезінде идея өте маңызды. Себебі қабылдап отырған рекрутер сізді танымайды. Басқалардан артық тұсыңызды ашып отыратын уақыты болмауы да мүмкін.
Селф-презентация кезінде жасамау керек қателіктер
Әдетте жұмысқа түйіндеме дайындағанда көбі дайын үлгі бойынша жаза береді. «Стресске көп берілмеймін», «білетін бағдарламаларым — Microsoft Word», «ағылшын тілі — сөздікпен» дегендей шаблон баршамызға таныс шығар?! Негізі жұмысқа үміткерлер өзінің артықшылығын көрсете білуі керек. Бәрі жазады деп сол үлгіге сала бермеңіз. Өйткені екінің бірі уақытты жақсы басқаратынын жазғанымен, іс жүзінде тайм-менеджментті онша меңгермеген болып шығады. Сондықтан танымал сөздерді қолданғаннан гөрі шын мәнінде қай қабілетіңіз компания үшін бағалы болатынына екпін түсіріңіз. Кәсіби селф-презентация кезінде көпшілік жіберетін мына қателіктерді жасамауға тырысыңыз:
❌Бір үлгіні қолдана беруге болмайды. Кейде жағдайға байланысты стратегияларды ауыстыру керек болады. Өйткені жұмыс берушінің алдында селф-презентация жасау мен серіктес не достардың алдындағы таныстыру екі бөлек. Сондықтан әр жағдайға қарай өзіңізді ұстауыңыз, айтатын ақпаратыңыз өзгеріп отыруы қажет.
❌Селф-презентацияның мәнін түсіну қажет. Өйткені сізді нақты мақсат болмайынша сөздеріңіз шынайы болмайды, жүректен шықпайды. Басы-артық қимыл жасап қойып, керек емес сөзді айтып қоюыңыз мүмкін. Қазіргі жағдайға қатысы жоқ сөздерді қарсы тарап тыңдағысы келмейді. Сондықтан мақсатыңыз не, мұның мәні қандай — жақсылап таразылап алыңыз.
❌Өзіңізді асыра мақтап жібермеңіз. Әр сөзіңіз дәлелді болсын. Мысалы сіз SMM-маманын іздеп жатқан компанияға бардыңыз делік. Егер бұрын-соңды TikTok жүргізіп көрмесеңіз, жұмысқа алсын деген оймен алдамаңыз. өйткені өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам. Сол сияқты джуниор болсаңыз, «ана тілді білемін», «мына бағдарламамен жұмыс істей аламын», «кодтағы қатені бірден көремін» дегендей асыра сөздер керек емес. Сіздегі мақсат эйчарға ұнау болмауы керек. Өзіңізді өтірік мақтамай-ақ, шын қабілеттеріңіз бен мықты тұстарыңызды көрсетіп жүректі жаулауға болады.
Қандай ережелерді ұстану керек?
Зерттеулерге сүйенсек, танысқан кезде қарсы алдыңыздағы адамға алғашқы әсер қалдыруға 7 секунд қана уақытыңыз бар екен. Сонымен бірге алғашқы 15 секунд сіздің одан кейінгі қарым-қатынасыңызға тікелей әсер етеді деседі. Кейде тіпті аузыңыздан сөз шықпаса да, іс-әрекеттеріңіз ой қалыптастырып үлгереді. Стартап-ортада elevator pitch деген тәсіл кең таралған. Былайша айтқанда лифтідегі презентация. Бұл әдістің қалай шыққанына қатысты бірнеше нұсқа айтылады. Соның бірі мынау: 1990 жылдары Тина Браун Vanity Fair бас редакторы болған. Сол уақытта істеген редактор Майкл Карузо лифтіге Браунмен бірге кіріп, өзінің алда жазатын 15 000 символдық мақаласы туралы 4 қабат көтерілгенше айтып үлгереді екен. Енді бір жерлерде идеясын жеткізуге осы әдісті қолдану сонау XX ғасырдың басында басталған дейді.
Асылы өзіңіз туралы фактілерді 30-60 секундқа сыйғызып айтуды үйренуіңіз керек. Иә, тым қысқа сияқты. Бірақ осылайша сіз артық сөздерден арылып, ішіндегі жақұтын ғана қалдырасыз. Ал енді айтқан кезде құрылымы қандай болуы керегіне тоқталсақ. Мұнда мына үш қағиданы білгеніңіз жөн: сіз кімсіз, немен айналысасыз және сұхбаттасушыға қандай пайдаңызды тигізе аласыз. Осы ақпаратты қысқа ғана уақытта сыйғызыңыз. Бұл оңай емес. Сондықтан питч жасар алдында жақсылап дайындалған абзал. Ойша дайын болып, сенімді болған кезде сөзіңіз де жақсы қабылданады. Селф-презентация кезінде барынша жақсы әсер қалдыру үшін мына айтқан ережелерді ұстануға кеңес береміз:
- Бейвербал белгілерді дұрыс пайдаланыңыз. Көзбен көз түйістіріп, байланыс орнатқан соң сөйлеуге тырысыңыз. Сонда назары сізде тұрғанына көз жеткізесіз. Шама келсе іс-қимылдарды орынды жасап, жымиыңыз. Әсіресе, онлайн-кездесу кезінде осыған мән беріңіз.
- Сөзіңізге мән беріңіз. Ойыңыз шашыраңқы болмасын. Нық жеткізіп, анық сөйлеңіз. Паразит сөздерді мейлінше қолданбаған абзал. Одағайларды да қолдануға әуес болмаңыз.
- Сұхбаттасушыға мән беріңіз. Кәсіби қызметі, жобалары мен жоспарларын сұрап көріңіз. Сонда жағымды атмосфера орнайды. Одан қала берді өзіңізге жаңа әрі тың ақпарат алуыңыз мүмкін.
- Алдағы қадамдар, жоспарлар туралы сұрастырыңыз. Әңгіме соңында сұхбаттасушыны сізбен одан әрмен сөйлесуге, байланыс орнатуға ынталандыруға тырысыңыз. Қашан хабарласатынын, бұдан кейін кездесу бола ма, қашан болатынын сұрап алыңыз.
Ал егер мына әрекеттерді жасасаңыз, қарсы алдыңыздағы адам сіз туралы жағымсыз ой қалыптастырып қалуы мүмкін:
- Көзге тік қараудан қашсаңыз. Бұдан кейін қарсы алдыңыздағы адам сіз өзіне сенімсіздік не әлденені жасырып отырған адам деп қабылдап қалуы мүмкін.
- Сөзінде жүйе болмаса, күдіктеніп қалуы мүмкін. Бірді айтып бірге кете бермеңіз. Айтуыңыз керек, маңызды сөздерді ойыңызда ұстаңыз.
- Біліксіз маман болып көрініп қалмаңыз. Әрине барлығын білу мүмкін емес. Білместік болса, онда тұрған ештеңе жоқ. Бірақ бірден «білмеймін» деп шорт кеспеңіз. Білген түрі таныту да дұрыс емес. Ең абзалы — аналогия жасасу.
- Сұхбаттасушыны елемеу, эмоцияларына мән бермеу де — қате. Кіммен сөйлесіп отырсаңыз, сол адамға дұрыстап мән беріңіз. Бет-әлпеті, эмоциясын бақылап отырыңыз. Қалай өзгереді? Бәлкім, сіз басқа тақырыпқа көшіп кеткен боларсыз. Болмаса, бірдеңе айтқысы келіп кідіріс жасағаныңызды күтіп отырған шығар.
- Өзіңізге бар назарды алып алмаңыз. Өйткені жеке басына фокусты қатты қоятын адамды көпшілік ұната бермейді. Қанша жерден болып, толған адам болсаңыз да, мұндай қылық жақсы емес.
Неге кей адамдар өзін дұрыс таныстыра алмайды?
Негізі селф-презентация жасай алу қабілетін мектеп кезінен қалыптастырған жөн. Батыс елдерінде жобаға бағытталған оқу форматы кең танылған. Былайша айтқанда project-based learning. Мұндағы басты артықшылық қандай? Оқушылар немесе студенттер белгілі бір мәселені өздері өнім шығарып ұсыну арқылы шешуге тырысады. Мұның мектеп жасынан бастап шыңдалғаны жақсы. Зерттеулерге қарасақ, бұл оқу тәсілі оқушыларға жақсы өтеді. Кері байланыс өсіп, оқуға ынта көбейеді екен. Одан қала берді мәселенің мәніне терең үңіліп үйреніп, материалды жақсырақ түсініп, қабылдайды. Қазақстанда проджект оқыту тәсілі онша енгізілмеген. Жекелеген мектептерде бәлкім ұстанатын шығар. Әйтсе де, мемлекеттік мектептерде мұндай әзірге жоқ. Соның кесірінен өсе келе селф-презентация нағыз керек кезде түлектер не істерін білмей дал болады. Көпшілігі бұл машықтың қажетін жұмысқа тұратын кезде біледі. Түйіндеме толтырып, ілеспе хат дайындап жатқанда не сұхбатқа дайындалғанда селф-презентация жасауға кіріседі.
Селф-презентация машығын дамытуға көмектесетін кітаптар
- Believe It. How to Go from Underestimated to Unstoppable, Джейми Кёрн Лима. Осы кезге дейін сіз оқыған кітаптарда компания құрып, жетістікке жеткен оқиғалардың бас кейіпкері ерлер болып келсе және неге әйелдердің оқиғасын оқымасқа деп жүрсеңіз, іздегеніңіз — осы кітап. Жазу тілі қарапайым, эмоция бар, табандылық пен шешім қабылдаудың қиынын көрсетеді. Автор өзінің қандай соқпақ жолдан өткенін бүкпесіз баяндаған.
- «Ұялшақтықты қалай жеңуге болады», Филип Зимбардо. Автор бұл кітапта адамдардың бойындағы ұялшақтық тақырыбын қозғайды. Әрине, өркөкірек, тәкаппар болған жақсы емес. Бірақ ұялшақтықтың да кесірі көп екенін ұмытпау керек. Бойдағы осы қасиетті қалай жеңуге болатынын білгіңіз келсе, осы кітапты оқып көріңіз. Сонда ашыла түсесіз, жетістікке жетесіз.
- «Authentic: How to be yourself and why it matters», Стивен Джозеф. Аутентика — адамның өзіне тануы, өзіне сенімді болуы. Көбіміз өзімізді жақсы жақтан көрсеткіміз келеді. Бірақ соның кесірінен идеал болуға ұмтылып кеткенімізді байқамай қалуымыз мүмкін. Мына кітапта мінсіз болуға ұмтыл демейді. Идеал картинадан шаршаған болсаңыз, оқып шығыңыз.
- «Хрупкие люди», Юлия Пирумова. Табиғаты нарцисс адамдар оқуы керек кітап. Жетістіктерін үнемі құнсыздандырып, жаңасына ұмтыла беретіндерге маст рид. Өйткені бұл кітапта басқаларға өзімізді қалай бар болсақ сол күйі көрсетуге кедергі келтіретін паттерндер қарастырылады.