Мұнай елдің экспорттық кірісін тағы да ұлғайтуға көмектесті
Қазақстан қатарынан екі тоқсан бойы тауар экспортының көлемін арттырып келеді. Бұл жолы кіріс қазақстандық мұнайдың қымбаттауына байланысты артты. Ал эталонды марканың бағасы бұрынғы деңгейде сақталды.
2024 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Қазақстан Республикасынан жіберілетін тауар экспортының құны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,6%-ға өсті. Бір жарым жылдық үзілістен кейін биылғы жылдың бірінші жартысында қалпына келген оң динамика қатарынан екі тоқсан бойы сақталып отыр. Kursiv Research кезекті шолуында Қазақстанның тауар экспортының өсуіне ықпал еткен факторларды талдап көрді.
Мұнай, уран және мыс
Осы жылдың алғашқы тоғыз айында Қазақстанның тауар экспорты 61,4 млрд долларды құрап, бір жылда номиналды түрде 5,6%-ға артты. Экспорттық кірістің өсуімен бірге тауарлық концентрацияның күшеюі де байқалды. Ал бұл деңгей бұған дейін де тым жоғары болған. Есепті кезеңде ең ірі он тауар экспорттық кірістің шамамен 76%-ын қамтамасыз етті, бұл өткен жылғы көрсеткіштен (73,2%) жоғары.
Қазақстанның экспорттық тауарларының алғашқы ондығындағы жеті позиция оң көрсеткішпен жапты. Олардың ішінде ең үлкен абсолюттік өсімді мұнай жеткізілімдері көрсетті. «Қара алтын» экспортының кірісі 33,9 млрд долларды құрап, 2,7 млрд долларға немесе 8,2%-ға өсті.
Экспорт көлемінің ақшалай өсімі Қазақстандағы мұнай саласының негізгі параметрлерінің жақсаруымен байланысты емес. Біріншіден, есепті кезеңде мұнай өндіру көлемі 0,4%-ға азайып, 66,7 млн тоннаға тең болды. Экспортқа тәуелді үш ірі мегажобаның ішінде Теңізде (-1%) және Қарашығанақта (-0,8%) шамалы төмендеу тіркелді. Теңіз кен орнында мұнай өндіру көлемінің қысқаруы осы жылдың тамыз айында «Кешенді технологиялық желілер» зауытындағы бес технологиялық желінің екеуінде жоспарлы жөндеу жұмыстарының жүргізілуімен байланысты болды. Қарашығанақтағы мұнай мен конденсат өндірісі 0,8%-ға азайды. Мұндай жағдай газды кері айдау компрессорларының жоспардан тыс тоқтатылуы және Орынбор газ өңдеу зауыты тарапынан қабылдау көлемінің төмендеуі салдарынан орын алды. Қашаған кен орнында мұнай өндірудің шамалы өсімі (+0,2%) байқалды. Себебі кен орнында есепті кезеңде жоспардан тыс жөндеу жұмыстары болмады.
Мұнай өндіру көлемінің қысқаруы физикалық жеткізілімдерге де әсер етті. «Қара алтынның» физикалық жеткізілімі небәрі 0,6%-ға артып, 53,8 млн тоннаны құрады. Алайда қазақстандық мұнай өндірушілерге нарықтық жағдай қолайлы болды: эталонды Brent маркасының бағасы аздап (+0,7%) қымбаттағанымен, қазақстандық мұнайдың тоннасына қатысты кедендік баға айтарлықтай өсіп, орта есеппен 629,1 долларға (+8%) жетті.
Екінші орынды уран жеткізілімдері иеленді, бұл мұнайдан айтарлықтай төмен көрсеткішке ие. Уран экспорты 3,1 млрд долларға дейін өсіп, жылдық есептеуде 59,7%-ға артты. Бұл өсім өнімнің қымбаттауы және жеткізілім көлемінің ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілді. Есепті кезеңде «Қазатомөнеркәсіп» компаниялар тобы бойынша орташа сатылым бағасы фунтына 66,8 долларға жетті, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 38%-ға жоғары.
Өндіріс көлемінің ұлғаюы (16,8 мың тоннаға дейін; +9%) «Қазатомөнеркәсіп» компаниялар тобы бойынша сату көлемінің қысқаруымен (11,6 мың тоннаға дейін; -5%) қатар жүрді. Айта кетейік, тоқсандық сатылым көлемі жыл сайын өзгеруі мүмкін. Себебі олар клиенттердің сұранысына және физикалық жеткізілімнің мерзімдеріне байланысты. Сондықтан кедендік статистика, «Қазатомөнеркәсіп» компаниялар тобы бойынша сатылым көлемінің қысқаруына қарамастан, жеткізілімдердің 13%-ға ұлғайғанын (қосымша 2,2 мың тонна) көрсетеді.
Қазақстанның экспорттық өнімдерінің үздік ондығында әдеттегідей екі түрлі мыс өнімдері бар. Есепті кезеңде катодты мыс жеткізілімі үшінші орынды иеленіп, елге шамамен 2,7 млрд доллар (+24,4%) кіріс түсірді. Динамикалық өсім өнімнің бағасы мен жеткізілім көлемінің артуымен байланысты.
Дүниежүзілік банк деректеріне сәйкес, 2024 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында әлемдік нарықтағы мыс бағасы тоннасына 9,1 мың долларды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 6,2%-ға өсті. Әлемдік бағалардың өсуіне байланысты Қазақстанның катодты мысы да 5,3%-ға қымбаттап, тоннасына 8,6 мың долларды құрады. Қолайлы баға жағдайында қазақстандық кәсіпорындар катодты мыс өндіру көлемін 53,9 мың тоннаға (+18,1%, 352,5 мың тоннаға дейін) ұлғайтып, экспорттық жеткізілімдер 48,8 мың тоннаға артты (318,3 мың тоннаға дейін).
Мыс кендері мен концентраттары экспорттық кіріс бойынша төртінші орынды иеленіп, елге шамамен 2,4 млрд доллар (+4,6%) әкелді. Өсу негізінен физикалық жеткізілімдердің 4%-ға қысқаруына қарамастан, экспорттық бағаның 8,9%-ға артуымен байланысты. Сонымен қатар ел ішіндегі мыс кендерін өндіру 7,7%-ға, мыс концентраттарын өндіру 2,8%-ға өсті.
Жоғары көміртекті феррохром жеткізілімі 1,3 млрд долларды құрап, 2,7%-ға артты. Оң динамика физикалық көлемнің 24,5%-ға өсуімен қамтамасыз етілгенімен, экспорттық бағаның 17,5%-ға төмендеуі байқалды. Жеткізілімдердің өсуі ішкі өндірістің 25%-ға артуымен байланысты.
Қазақстанның экспорттық өнімдері арасында ең үлкен өсім ұшақтар мен басқа да ұшу аппараттарымен байланысты. Экспорттық түсім 658,9 млн долларды құрап, 5 есе өсті. Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметтеріне сәйкес, Қазақстан 16 ұшақ жөнелтті (15 тоннадан жоғары), олардың сегізі Ирландияға, бесеуі Түркияға, біреуі Грузияға, Иорданияға және Швейцарияға жіберілді.
Үш экспорттық позиция теріс динамика көрсетіп, төмендеді. Табиғи газ экспорты 22%-ға қысқарып, 807,7 млн долларды, жұмсақ бидай экспорты 45,1%-ға төмендеп, 695,1 млн долларды, ал дистилляттар экспорты 25,9%-ға азайып, 636,3 млн долларды құрады. Бұл тізімде жұмсақ бидайдың экспортынан ең үлкен шығын (571 млн доллар) тіркелді.
2024 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында экспорттық түсім бойынша жеті тауардан 5,1 млрд доллар қосылды, ал үш тауар бойынша 1 млрд доллардан сәл жоғары шығын болды. Жалпы экспорттық түсім 3,3 млрд долларға артты, оның 55%-ы топ-10 өнімдерінен, ал 45%-ы басқа өнімдерден келді.
Жылдам жеңіске жеткізетін допинг
Kursiv Research Қазақстан экономикасында болып жатқан процестерді қосымша көрсету үшін жылдам өсіп келе жатқан экспорттық позициялардың тізімін құрды. Өсіп келе жатқан тауарлар тобы елдің экспорттық қызметіндегі жүйелі табыстар мен сәтсіздіктерді көрсететін көмекші индикатор қызметін атқара алады. Сондай-ақ болашақтағы экспорт чемпиондарын анықтауға көмектеседі.
Жылдам өсіп келе жатқан экспорттық позицияларды анықтау үшін есепті кезеңде 25 млн доллардан жоғары соманы құрайтын тауарлар алынып, өткен жылмен салыстырылады. 25 млн долларлық шекті белгі енгізілген. Себебі бұл өлшем тұрақсыз байланыстарды талдау кезіндегі ықтимал қателерді болдырмауға бағытталған.
Жылдам өсіп келе жатқан 10 тауарды екі шартты топқа бөлуге болады. Бірінші топқа Қазақстан экономикасының өндірістік қуаттары мен жинақталған білімі бар тауарлар кіреді. Екінші топқа Қазақстан экономикасына тән емес, бірақ өсуі байқалған тауарлар енеді.
Бірінші топта алты өнім бар. 2024 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында мыс анодтарының экспорты 30,8 млн долларды құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі 19,7 мың доллармен салыстырғанда айтарлықтай өсті. Қанттың (тұрмыстық қатты күйіндегі) экспорт көлемі жыл ішінде 810,1 мың доллардан 40,4 млн долларға дейін артты, яғни 50 есе өсті. N-ксилолдың экспорттық түсімі 9 есе артты, 2023 жылдың қаңтар-қыркүйегінде 10,1 млн доллардан 2024 жылдың тоғыз айында 95,2 млн долларға жетті. Жем-азықтың экспорттық жеткізілімдері 403%-ға артты (168,3 млн доллар), аммоний нитратының экспорты 308%-ға өсті (40 млн доллар), ал метал конструкциялардың (негізінен немесе толықтай жалпақ илек материалынан жасалған) жеткізілімі 151%-ға артты (41,2 миллион доллар).
Мыс анодтарының жеткізілімдері динамикалық өсу көрсетті, бұл төменгі базаның әсерінен болды. 2000 жылдардың басынан бері ресми статистика бірнеше ондаған миллион долларды көрсетеді. Бірақ рекорд 2012 жылы орнатылды: сол кезде жеткізілімі бірден 100 млн доллардан асты. Тарихи түрде негізгі сатып алушы Ресей болды. Алайда өткен жылы Ресей Қазақстаннан мыс анодтарын сатып алуды тоқтатты (2023 жылы барлық жеткізілімі 23 мың долларды ғана құрады). Дегенмен осы жылы келісімдер қайта жаңартылды.
N-ксилол мен аммоний нитратының экспортындағы өсім де төменгі базаның әсерінен болды. Қант экспортының өсуі басқа сипатқа ие: 2021 жылы жеткізілімі тоқтап, содан кейін минималды көрсеткіштер тіркелді, ал осы жылы жағдай өзгерді – 2024 жылдың тоғыз айында сатылым көлемі соңғы 19 жылдағы жылдық көрсеткіштерден асып түсті.
2000 жылдардың басынан бері жем-азық экспортын өсіру траекториясы ішінара осы индустрияның қалыптасу кезеңдерін сипаттайды. Жеткізілімдер 2004 жылдан бастап тұрақты түрде бақыланып отырды, бірақ көлемдер ұзақ уақыт бойы өте аз болды. Қазақстандық өндірушілер тек 2010 жылы ғана 1 млн доллардан асатын экспортты жүзеге асыра бастады және келесі жеті жылда оң динамика теріс динамикаға ауысып отырды. 2018 жылы жағдай өзгеріп, сатылымдар жыл сайын екі есе өсе бастады. Нәтижесінде былтыр алғаш рет 50 млн доллардан асты. Биыл динамика жеделдеп, 2024 жылдың тоғыз айында жануарларға арналған жем-азықтың экспорты 168,3 млн долларды құрап, тарихи максимумға жетті.
Қытай бұл өнімдерді белсенді түрде сатып ала бастады және 2022 жылдан бері Қытай жануарларға арналған қазақстандық жем-азықтың негізгі экспорттық нарығына айналды. Биыл Қытай барлық экспорттың шамамен 95%-ын сатып алды. Жеткізілімдердің өсуі азықтық ұн мен дайын азықтарды өндірудің тұрақты ұлғаюымен қатар жүрді (люцерна ұнынан және гранулалардан басқа). Кейінгі бес жыл ішінде осы өнімдер өндірісі тиісінше 86% және 20%-ға артты.
Қазақстан экономикасына тән емес өндірістік инфрақұрылымы мен жинақталған білімі жоқ тауарлар арасында кең фюзеляжды ұшақтардың экспорты (+890%; 36 млн доллар), ұшқынды отқа тұтандыру жүйесі бар электргенераторлық қондырғылар (+808%; 51,7 млн доллар) және 24-44 кН тарту күші бар турбореактивті қозғалтқыштардың экспорты (+282%; 80,4 млн доллар) байқалады.
Егер жолаушылар ұшақтары авиациялық лизингтің күрделі схемалары арқылы кедендік статистикаға кірсе, электргенераторлар көп жағдайда реэкспортқа жіберілетін өнімдер ретінде көрсетіледі. Мұны Kursiv Research алдыңғы шолуларында егжей-тегжейлі жазған. Жаңа экспорт өсімін көрсететін тауарлардың арасында Қазақстан экономикасы әлі өндірмейтін, бірақ экспорт көлемі өскен тауар ретінде турбореактивті қозғалтқыштарды айтуға болады.
Турбореактивті қозғалтқыштар экспортындағы өсім ұшақтар паркінің қызмет көрсету қажеттілігімен байланысты. 2014 жылы 25-44 кН тарту күші бар турбореактивті қозғалтқыштардың жеткізілімдері алғаш рет бірнеше ондаған млн долларды құрады (53 млн доллар). 2020 жылы 69 млн доллар, 2021 жылы 65 млн доллар және 2022 жылы 107 млн доллар тіркелді. Осы жылдары Қазақстан негізінен турбореактивті қозғалтқыштарды АҚШ, Германия және Францияға жеткізді. Бұл елдер қазіргі заманғы авиа қозғалтқыштар жасау технологияларына ие. Олар сондай-ақ авиа қозғалтқыштарға техникалық қолдау көрсетеді. Сонымен қатар Қазақстанның Ресейге жеткізілімдері тыйылды. Себебі Ресей санкциялар салдарынан қосалқы бөлшектер мен техникалық қолдауға қол жеткізе алмайды.
Экспорт қай бағытта өсті
Kursiv Research экспорттық өнімдер құрылымын талдау үшін төрт негізгі бағытты анықтады: ЕО-27, ЕАЭО елдері мен Орталық Азия, сондай-ақ Қытай. Бұл бағыттардың ішінде Еуропалық Одақтағы жағдай ең қарапайым, өйткені Қазақстанның бұл бағыттағы экспортында шикі мұнай, газ және мұнай өнімдері басым. Көмірсутектерді өндірудің артуы немесе мұнай бағасының қымбаттауы экспорттық кірістің өсіміне жол ашады немесе керісінше жағдай да болады.
2024 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Қазақстанның ЕО-27 елдеріне экспорты 29,1 млрд долларға (+27,7%) жетті, оның 91,5%-ы шикі мұнайдың үлесіне тиеді. Есепті кезеңде ЕО елдері Қазақстанның мұнай сатып алу көлемін 7 млн тоннаға арттырды. Осының нәтижесінде Қазақстанның Еуропаға жеткізетін мұнайы 7,4%-ға арзандағанына қарамастан, 2023 жылдың қаңтар-қыркүйегімен салыстырғанда 6,4 млрд доллар артық пайда түсті. Италия өз импортына 5 млн тонна мұнай қосып, Қазақстан мұнайының ЕО-27 елдеріне жеткізілімін арттырды.
Қазақстанның Қытайға экспорты 11,1 млрд долларға жетіп, 7,1%-ға өсті. Аспанасты еліне экспортталатын тауарларының үздік ондығындағы сегіз позиция оң динамика көрсетіп отыр: мыс кендері мен концентраттары (+5,4%; 2,1 млрд доллар), катодты мыс (+33,4%; 1,9 млрд доллар), уран (+85,7%; 1,2 млрд доллар), феррохром (+54,8%; 761,6 млн доллар), жылу бөлетін элементтер (+145,5%; 281,6 млн доллар), құрамында 99,99% немесе одан да жоғары мырышы бар шикі мырыш (+41,9%; 218,3 млн доллар), асыл металдардың кендері мен концентраттары (+53,6%; 216,5 млн доллар), агломерацияланбаған темір кендері мен концентраттары (+50,8%; 185,3 млн доллар).
Алайда жоғарыда аталған сегіз позициядан түскен оң үлес, топ-10-дағы екі позициядан келген шығыннан аз. Қытай Қазақстанның мұнай экспортын 38,2%-ға (-1,8 млрд доллар) және табиғи газ экспортын 16,2%-ға (-750,4 млн доллар) азайтты. Осылайша, Қытайға экспорттың жалпы өсімін топ-10-нан тыс тауарлар қамтамасыз етті.
Егер Қытайға экспортталатын ең жылдам өсіп жатқан тауарлар құрылымына қарасақ (әр бағыт бойынша шегі 10 млн доллар), онда негізінен нөлдік мәндерден бастап алюминий мен алюминий оксидінің экспортының өсуі ерекшеленеді. Уран экспортымен қатар ең үлкен абсолюттік өсімге жануарларға арналған жем-азықтың және жылу бөлетін элементтердің экспорты қол жеткізді – сәйкесінше 135,2 млн доллар және 166,9 млн доллар.
ЕАЭО елдеріне экспорттың төмендеуі байқалады: Ресейге жеткізілімдер 10,1%-ға азайып, 6,8 млрд долларды, Беларуське экспорт 10,3%-ға төмендеп, 112,2 млн долларды, Арменияға экспорт 40,7%-ға азайып, 12,6 млн долларды құрады. Ал Қырғызстанға экспорт 10,3%-ға өсіп, 901,6 млн долларға тең болды.
Ресей Қазақстанның ЕАЭО елдері бағытындағы экспорттың 87%-ын еншілейді. Топ-10-дағы екі позиция бойынша жеткізілімдерін қысқартты: өңделмеген алтын (-5,3%; 121 млн доллар) және агломерацияланбаған темір кендері мен концентраттары (-33,1%; 113,4 млн доллар).
Осылайша, қалған сегіз позиция оң динамика көрсетіп отыр: уран (+32,3%; 1,2 млрд доллар), алюминий оксиді (+19,2%; 260,1 млн доллар), қалыңдығы 10 мм-ден асатын ыстықтай илектелген прокат (+20,5%; 252,2 млн доллар), агломерацияланған темір кендері мен концентраттары (+130,4%; 203,9 млн доллар), мырышпен қапталған біртегіс прокат (+13,5%; 193,5 млн доллар), мыс кендері мен концентраттары (+21%; 172,9 млн доллар), қалыңдығы 3 мм-ден жоғары суықтай илектелген прокат (+4,5%; 160,8 млн доллар) және 99,99%-ға дейін немесе одан жоғары мырышы бар шикі мырыш (+355,4%; 129,8 млн доллар).
Ресей бағыты бойынша жалпы шығындар 758,8 млн долларды құрады, оның тек 62,7 млн доллары топ-10 тауарларынан келген. Ресейдің негізгі тауарлар бойынша ең төменгі концентрациясы (есепті кезеңде топ-10 бойынша 41,6%) басқа негізгі сауда серіктестерімен салыстырғанда едәуір төмен болды. Бұл негізгі шығындардың топ-10-нан тыс тауарлардан келгенін көрсетеді.
Ресей бағыты бойынша ең жылдам өсіп жатқан тауарлар арасында мыс анодтары (2023 жылдың сәйкес кезеңінде нөлдік көрсеткіштерден басталды), легирленген болат сынықтары (45 есе өсті) және оқшаулау арматурасы (+1630%) мен өздігінен түсіргіш техникалар (+999%), сондай-ақ электргенераторлық қондырғылар (+888%) бар.
2024 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Орталық Азияға экспорт 6,3%-ға төмендеп, 3,8 млрд долларды құрады. Бұл төмендеу Өзбекстанмен арадағы сауданың «салқындауымен» байланысты. Бұл ел осы аймақтағы сауданың 52,4%-ын құрайды. Өзбекстанға жеткізілімдер 13,9%-ға азайып, 2 млрд долларға, Түркменстанға 34,7%-ға азайып, 207,7 млн долларға дейін түсті. Ал Қырғызстан мен Тәжікстан, керісінше, Қазақстаннан импортты арттырды – тиісінше 15,2%-ға (703,3 млн доллар) және 10,3%-ға (901,6 млн доллар) өсті.
Орталық Азиядағы негізгі сауда серіктесі Өзбекстанға экспорттың негізгі он тауарының 46%-ы тиесілі. Бес позиция бойынша төмендеу байқалды, оның ішінде 2024 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында жұмсақ бидайдың экспорты 34,8%-ға азайып, 399 млн долларды құрады. Сондай-ақ ұн (-13%; 104 млн доллар), тікбұрышты болат дайындамалары (шаршы қиманы қоса алғанда) (-0,7%; 73,9 млн доллар), мыс кендері мен концентраттары (-42,4%; 50 млн доллар) және тікбұрышты болат дайындамалары (шаршы қиманы есептемегенде) (-16,8%; 36,1 млн доллар) азайды.
Сонымен қатар шикі күнбағыс және сафлор майының жеткізілімдері 15,9%-ға артып, 76,2 млн долларға тең болды. Қалыңдығы 3 мм-ден төмен ыстықтай илектелген прокат +50,4% (50,5 млн доллар), минералды және газдалған су (+34,3%; 46,1 млн доллар), басқа дистилляттар (+26,6%; 39,6 млн доллар) және басқа күнбағыс майы (+53,1%; 36,3 млн доллар) артты.
Ең жылдам өсіп келе жатқан (жеткізілім көлемі 10 млн доллардан асатын) тауарлар тізімінде екі өнімді ерекше атап өту керек. Қатты күйдегі қант жеткізілімдерінің құны 41 есе өсті. Сондай-ақ 1000 В дейінгі кернеудегі пульттер мен панельдер (+972%; 17,8 млн доллар), ағаш жаңқа тақталары (+512%; 11,7 млн доллар) және өңделмеген күміс (+251%; 11,5 млн доллар) жеткізілімдерінің өсуі байқалды.