Активтерді қайтару комитеті Тимур Құлыбаевпен соттасып жатыр
Бас прокуратураның Активтерді қайтару жөніндегі комитеті Қазақстандағы ең бай азаматтардың бірі Тимур Құлыбаевты сотқа береді. Бұл туралы КазТаг агенттігі жазды.
Басылымның ақпаратына сүйенсек, істі апелляциялық сатыдағы сот қарайтын болады. Іске қатысты өзге ақпарат әлі нақты белгілі емес. Іс 18 қарашада сотқа келіп түскен. Сот процесінің нақты қашан басталатыны туралы да ақпарат жоқ.
«Талапкер: «Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының активтерді қайтару комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесі. Жауапкер: Құлыбаев Тимур Асқарұлы», – делінген процестің сипаттамасында.
Тимур Құлыбаев – Қазақстандағы ең ауқатты азаматтардың қатарында. 2024 жылғы америкалық Forbes-тің әлемдегі ең бай адамдар тізіміне енген қазақстандықтардың бірі болған. Оның және әйелі Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Динара Құлыбаеваның активтері 5 млрд доллар.
Құлыбаевтар отбасы «АЛМЭКС» холдингтік тобына иелік етеді. Ол «Altyn Bank» АҚ 40%, «Қазақстан Халық банкі» АҚ 69,52% үлесіне ие.
Сондай-ақ оның иелігінде «К-Агро-Холдинг» ЖШС және «Joint Technologies», «Қамқор Менеджмент» ЖШС, «PetroRetail» ЖШС (QAZAQOIL ЖҚС желісі), «SilkwayTransit» ЖШС, «PTC Holding» ЖШС, «Petrolex Group (Петролекс Групп)» ЖШС және т. б. үлестері бар.
Құлыбаев бақылайтын «Mercury Properties» ЖШС Алматы, Астана, Атырау, Шымкент, Ақтау, Ақтөбе және басқа қалаларда 1 млн шаршы метрден астам коммерциялық жер теліміне ие.