Қазақстанда бір жылда 99 мың тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісі тіркелген

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Қазақстанда бір жылда 99 мың тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісі тіркелген / Фото: shutterstock, бильд-редактор: Ахтам Зиперов
Қазақстанда бір жылда 99 мың тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісі тіркелген / Фото: shutterstock, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

2023 жылы Қазақстанда 99 мың тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісі тіркелген. Бұл туралы «Орталық Азиядағы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы әрекет ету жүйесі: агрессорларды түзету бағдарламалары» конференциясында белгілі болды.

Сарапшылардың айтуынша, 2024 жылы сәуірде қабылданған әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау туралы заңнан кейін, жағдай біртіндеп өзгеруі тиіс. Қазақстандағы Фридрих Эберт қорының өкілдігі аймақтағы гендерлік теңдік мәселелерін талқылау үшін Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан мен Тәжікстан сарапшыларының асын қосты.

Қазақстандағы Дағдарыс орталықтары бірлестіктерінің жетекшісі Зульфия Байсақованың айтуынша, қазір елде 19 ұйым тіркеліп, 48 дағдарыс орталығы ашылған. Бір ғана «Жансая» дағдарыс орталығын 1 қарашаға дейін 433 адам, оның ішінде 142 әйел, 285 бала паналаған. Бұл 2023 жылдың осы кезеңіндегі жағдайдан жоғары.

«Зорлық-зомбылықпен күрестегі басты мәселелердің бірі қоғамның оны қалыпты жағдай ретінде қабылдауы болып отыр. Бұл үшін үлкен қоғамдық жұмыс қажет. Барлық қоғам қол көтеруді қылмыс деп тануы қажет», – деді Байсақова.

Оның сөзін Тәжікстан Үкіметі жанындағы әйелдер және отбасы комитетінің төрағасы Джавохир Акобирова да қолдады.

«Біздің аймақтағы әйелдердің зорлық-зомбылық көргені үшін өзін кінәлауы және мұны «ұят» деп көруі басты мәселе деп ойлаймын. Қазір тәжік қоғамында зәбір көрген адамның арыз жазуы қалыпты жағдай екенін түсіндіруге тырысып келеміз», – деді Акобирова.

Ал қазақстандық заңгер Әйгерім Құсайынқызының сөзінше, қазір елдегі антигендерлік қозғалыстың күшеюі гендерлік теңдік орнатуда қиындықтар тудырып келеді.

«2016 жылы гендерлік теңдік деген сөзді отбасы деген сөзге ауыстырып, «Әйелдер және отбасы ісі» деп қарайтын болдық. Себебі қоғамда гендерлік теңдік ұғымы отбасы құндылықтарына қарама-қайшы деген ой пайда болды», – дейді заңгер.

Қырғызстан Жоғарғы кеңесінің депутаты Динара Әшімованың айтуынша, зорлық-зомбылық көрген адамды ғана емес, көрсеткен азамат та психологпен жұмыс істеуі керек.

«Қырғызстан пробоция қызметіне коррекциялық маманды қостық. Енді зорлық көрсеткен адам да психологпен жұмыс істеуге міндеттелді. Бұған қоса, құқық қорғау органдары субъективті баға бермес үшін арнайы сауалнама құрастырылды. Жәбір көрген адам сауалнама толтырып, соған сәйкес істің қай деңгейде қаралатыны белгілі болады», – деді Әшімова.

Сонымен қатар Қырғызстанда некесі ресми тіркелмеген, бірақ бірге тұратын немесе өзара жақын қарым-қатынасы бар адамдарды отбасы мүшесі ретінде танып, оларға қатысты қылмысты да қатаң қарау мүмкіндігі пайда болған.

25 қараша – Халықаралық әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықпен күрес күні. 10 желтоқсан – Адам құқықтарын қорғау күніне дейін 16 күн әртүрлі деңгейдегі акциялар ұйымдастырылады.

Сондай-ақ оқыңыз