Жаңаөзенде наразылыққа шыққан жұмысшылардың талабын орындау мүмкін емес – Асхат Хасенов
«ҚазМұнайГаз» компаниясы Жаңаөзен қаласында наразылыққа шыққан жұмысшылардың талабын орындай алмайды. ҚМГ басқарма төрағасы Асхат Хасенов олардың талабын орындайтын болсақ, жұмыссыздар тізімінде тұрғандарға қатысты әділетсіздік жасаймыз деп отыр.
«Біз әр талап бойынша себебін, қалай орындауға келмейтінін түсіндірдік. «Бұрғылау жұмыстары басқармасы» жұмысшыларының талабы дұрыс деп, зейнеткерлердің балаларын қызметке алар болсақ, Маңғыстау облысы бойынша қаншама адам тізімде тұр, оларға не деп түсіндіреміз?», – деді Хасенов.
«Өзенмұнайгаз» компаниясының жалпы 460 жұмысшысы наразылыққа шыққан. Қазіргі кезде Асхат Хасеновтің айтуынша, наразылыққа шыққандардың 210-ы жұмысына оралған.
ҚМГ басшысы компания құрамына кіретін кәсіпорын кәсіподақтарымен жүйелі түрде байланыс орнағанын айтып өтті. Бұған дейін де ҚМГ наразылыққа шыққан жұмысшылармен диалог орнатуға дайын екенін мәлімдеген.
«Өзенмұнайгаз» компаниясына қарасты «Бұрғылау жұмыстары басқармасының» жұмысшылары 13 қараша күні наразылыққа шықты. Олар еңбек жағдайын жақсарту, қосымша жалақы төлеу, зейнетке ерте шыққанда төленетін ақшаны көбейту, зейнеткерлердің балаларын жұмысқа алуды, арнайы техника жөндейтін база салуды талап еткен.
Бұған дейін ҚМГ жұмысшылардың талабына қатысты өз ұстанымын бірнеше рет білдірген. Наразылық салдарынан компания тәулігіне 100 тонна мұнайды кем өндіріп жатқаны да айтылды.