«Бәйтерек» холдингі тағы бір аграрлық компанияның 49% үлесін иеленді

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

«Бәйтерек» холдингі дәнді және бұршақ дақылын өсірумен айналысатын «АқмолаАгро-1» компаниясының 49% үлесін иеленді. Бұл туралы ақпарат Қазақстан қор биржасының (KASE) сайтында жарияланған құжатта жазылған.

Аграрлық компанияның қалған 51% үлесі «Запорожье-Агро» компаниясына тиесілі. Ашық дереккөзде 2020 жылы негізі қаланған шаруашылықтың түпкі иесі – Болат Қабиев деп жазылған.

«Бәйтерек» холдингі былтыр да бірнеше агрокомпанияның 49% үлесін сатып алған болатын. Бұл шаруашылықтар да дәнді және бұршақ дақылын өсірумен айналысады.

Мәселен былтыр қазан айында холдинг «ТайыншаЖер Плюс», қараша айында «Авантюрин» және Qarqyn Group. компаниясындағы 49% үлесті сатып алған. «ТайыншаЖер Плюс» компанияның соңғы бенефициарлары – «Баян Сұлу» кондитерлік фабрикасының басшылары Ерлан Қажынов пен Тимур Садықов. Холдинг бұл компанияларды «ҚазАгро» компаниясымен бірігу нәтижесінде меншігіне өткен бейінді емес активтерден арылу мақсатымен байланыстырды.

Холдинг 2024 жылы оларды иелігінен шығарды. Қазіргі уақытта «Бәйтерек» иелігінде аграрлық компаниялардан – Amanat Jer 2020 ғана қалды. Бұл компанияны холдинг 2022 жылы сатып алған. Одан бөлек, «Бәйтерек» 7 мекеменің 100% акциясына иелік етеді.

«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» – Қазақстан экономикасын әртараптандыру, инновацияларды қолдау, экспортты дамыту, еңбек өнімділігін ұлғайтуды қолдайтын, оны дамыту жөніндегі міндеттерді іске асыруды қамтамасыз ететін ұлттық институт. Холдинг 2013 жылы Қазақстан Президентінің Жарлығымен құрылды.

Сондай-ақ оқыңыз