Биткоин бағасының өсімі 100 мың доллардан әрі аспады
Жексенбі күні биткоин бағасы 95,8 мың долларға дейін төмендеді. Бұған дейін екі күн бұрын оның бағасы 100 мың доллар межесіне небәрі 300 доллар жетпей тоқтаған еді, деп жазды Bloomberg. Cointelegraph-тың мәліметінше, бағам кейін қайта көтеріліп, дүйсенбі күні 98 мың доллар деңгейінде тұрақтады.
Bloomberg-тің пікірінше, бұған Дональд Трамптың Қаржы министрі қызметіне Soros Fund Management-тің бұрынғы инвестициялар жөніндегі директоры және Key Square Group-тың негізін қалаушы Скотт Бессентті таңдауын инвесторлар оң қабылдады.
CoinGlass мәліметтері бойынша, соңғы 24 сағат ішінде трейдерлер криптовалюталар бойынша жалпы сомасы 489,85 млн долларлық позицияны жапқан. Оның басым бөлігі альткоиндерге (биткоиннен басқа криптовалюталар) тиесілі. Ал биткоин иелері 80 млн долларға тең позицияны жапқаны мәлім болды.
«100 мың доллар межесіне жақындаған сайын сатылымға деген қызығушылық артып келеді. Бұл деңгейге жетер алдында біз қысқа мерзімді шоғырлануды көретін шығармыз», – дейді FalconX криптоброкері зерттеу бөлімінің жетекшісі Дэвид Лавант.
Kalshi букмекерлік платформасының мәліметінше, қараша айының соңына дейін биткоиннің 100 мың доллар немесе одан жоғары бағаға жету ықтималдығы 64% деп бағаланып отыр. Консенсус-болжам бойынша Жаңа жыл қарсаңында оның бағасы 122 мың долларға дейін көтеріледі.
«Сайлаудан кейін биткоин шамадан тыс жоғары бағаланды, сондықтан тоқтауы заңдылық. Бірақ бұл кері кету емес. Біз тек өткен апта деңгейіне қайта оралдық», – деп түсіндірді FRNT Financial криптоинвестициялық компаниясының бас директоры Стефан Уэллетт.
Биткоин бағасы Дональд Трамп АҚШ президенті болып сайланғаннан бері 45%-ға өсті. Сондай-ақ Конгреске криптовалюта жақтастарының сайлануы да өсімге әсер етті. Сайлау науқаны барысында Трамп цифрлық активтерге қолайлы реттеу ортасын құруды, биткоиннің стратегиялық қорын қалыптастыруды және АҚШ-ты әлемдік криптовалюта орталығына айналдыруды уәде еткен-ді.