2025 жылы IPO саны екі есе өседі, S&P 500 индексі 7000 тармаққа жете ме
Goldman Sachs-тың болжамынша, 2025 жылы АҚШ-тағы IPO саны екі есе өсуі мүмкін. Бұл америкалық нарыққа оң әсер етпек. Осы және өзге де тақырыптар туралы 25 қарашадағы әлемдік БАҚ шолуынан оқыңыз.
S&P 500 индексі 7000 тармаққа дейін өсе ме?
RBC және Barclays стратегтері S&P 500 индексі 2025 жылдың соңына қарай 6600 тармаққа дейін өседі деп болжам жасады, бұл қазіргі деңгейден 10,5%-ға жоғары, деп хабарлады Yahoo Finance. Болжам экономика мен компаниялар табысының тұрақты өсуіне негізделген. Инфляцияның төмендеуі S&P 500 индексінің баға/табыс коэффициентін жоғары деңгейде ұстап тұруы керек.
«Кейбір саяси жағымды жағдайлар мен инфляцияның қосымша төмендеуі алдағы жылы акциялардың өсуіне ықпал етуі мүмкін», – деп жазды RBC Capital Markets компаниясының сарапшысы Лори Кальвасина.
Стратегтер аса ірі капиталдандырылған компаниялардың табыстылығы төмендеуі мүмкін екенін де атап өтті. 2025 жылға арналған табыс болжамдары IT сектордағы ірі компаниялар өсімінің баяулауын көрсетсе де, индекстегі қалған компаниялардың табысы арта түседі. Дегенмен стратегтер S&P 500 индексінің 5-10%-ға төмендеуі мүмкін екенін ескертеді.
Reuters-тің жазуынша, Deutsche Bank S&P 500 индексі 2025 жылдың соңына дейін 7000 тармаққа жететінін болжады. Бұл қазіргі деңгейден 17,2%-ға жоғары. Аналитиктердің пікірінше, сұраныс пен ұсыныс тұрғысынан АҚШ акциялар нарығы тұрақты болып қала береді. Ал кейінгі екі жылдағы негізгі қозғаушы күштер – ірі инвестициялар мен акцияларды белсенді сатып алу 2025 жылы да жалғасады.
Естеріңізге сала кетсек, өткен аптада UBS (+16%), Wells Fargo (+13%), Morgan Stanley (+11%) және Goldman Sachs (+10%) стратегтері де S&P 500 бойынша 2025 жылға арналған оң болжамдарын ұсынған еді.
Goldman Sachs: 2025 жылы IPO саны екі есе өседі
Goldman Sachs сарапшысы Уилл Конноллидің айтуынша, акцияларды бастапқы орналастыру (IPO) нарығының белсенділігі артып, биржаға шығатын технологиялық компаниялар саны көбейеді. Bloomberg-тің жазуынша, стратег 2025 жылы технологиялық компаниялар арасындағы IPO санының екі есе өсуін және жылдық орташа көрсеткішке жақындауын күтіп отыр.
Технология саласындағы IPO пандемияға дейінгі деңгейге баяу болса да оралып келеді. Естеріңізге сала кетсек, пандемия кезінде IPO рекордтық 160 млрд долларға жеткен болатын. Ал кейінгі 10 жылдағы жылдық орташа көрсеткіш 31,1 млрд доллар деңгейінде болды.
«Технология саласында IPO-ға үміткер ірі компаниялар өте көп. Әрі бұл бағытқа қаржы салуға үлкен сұраныс бар. Ендігі мәселе – IPO нарығының белсенділігіне адамдардың қаншалықты тез бейімделе алатынында», – дейді Коннолли.
Оның пікірінше, нарықта компаниялардың биржаға шығуға кезекке тұратын маңызды кезеңі жақындап келеді.
2022 жылдан бері ірі технологиялық компаниялардың листинг нәтижелері инвесторлардың жоғары сапалы акцияларға қызығушылығы бар екенін көрсетті. Мысал ретінде британдық чип өндіруші Arm, үнділік тамақ жеткізу стартапы Swiggy және қазақстандық финтех Kaspi сынды 1 млрд доллардан астам қаражат тартқан жеті компания аталған.
Super Micro акциялары рекордтық өсім көрсете бастады
Сервер өндіруші және жасанды интеллект саласының әзірлеушісі Super Micro компаниясы жақында делистинг қаупіне тап болғанына қарамастан, қайта қарқын ала бастады. Market Watch-тың хабарлауынша, компанияның акциялары екі таңбалы өсім көрсетуде. 25 қарашадағы сауда сессиясында акциялар шамамен 16%-ға, ал кейінгі аптада 104%-ға өсті.
Super Micro – ЖИ саласының дамуынан ең көп пайда көрген компаниялардың бірі. Өткен қаржы жылында оның сатылымдары екі еседен астам өсті, ал 2024 жылдың қаңтар мен наурыз айлары аралығында акциялары шамамен 200%-ға қымбаттады. Алайда жазда Super Micro Hindenburg Research шортистерінің шабуылына ұшырады. Олар компанияны есептіліктегі олқылықтардан бөлек, жабдықты жеткізуде санкциялық режимдерді бұзды деп айыптады.
Салдарынан Super Micro акциялары 2024 жылғы наурыздағы ең жоғары 118,81 доллар деңгейінен қараша айының ортасында 18,01 долларға дейін құлдырады. Дегенмен, жағдай екі апта бұрын компания жаңа аудитор тауып, NASDAQ-та делистингтен құтылу үшін есептілікті реттеуді жоспарлап отырғанын хабарлағаннан кейін өзгерді.
Mizuho аналитигі Виджай Ракештің айтуынша, есептіліктегі жанжалдарға қарамастан, Super Micro әлі де ЖИ серверлері саласындағы технологиялық көшбасшы болып қала береді.
АҚШ мемлекеттік облигацияларының кірістілігі төмендеді
25 қараша, дүйсенбі күні АҚШ-тың ұзақ мерзімді мемлекеттік облигацияларының кірістілігі Дональд Трамптың қаржы министрі қызметіне Скотт Бессентті ұсынуына байланысты туындаған оптимизм аясында айтарлықтай төмендеді.
Bloomberg-тің мәліметінше, екі жылдық қазынашылық облигациялардың кірістілігі 8 базистік тармаққа төмендеп, 4,303%-ды құрады. Он жылдық облигациялар 12 базистік тармаққа кеміп, 4,298%-ға жетті. Ал отыз жылдық облигациялардың кірістілігі 12 базистік тармаққа төмендеп, 4,487%-ды құрады.
Market Watch-тың жазуынша, Джордж Сорос пен Стэнли Дракенмиллер сияқты аңызға айналған инвесторлармен жұмыс істеген Скотт Бессенттің қаржы министрі болып тағайындалуы инвесторларға сенім ұялатуда.