Үкімет Ресей тарапының астық тасымалына енгізген шектеулерді қалай шешеді – Бектенов жауап берді

Жарияланды
астық экспортының
Бектенов астық экспортының баламалы бағыттары туралы айтты / Фото: shutterstock; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Үкімет «Россельхознадзор» тарапынан қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін негізсіз біржақты қайтару жағдайларын үкіметаралық комиссияда талқылап жатыр. Бұл туралы депутаттық сауалға берген жауабында премьер-министр Олжас Бектенов айтқан.

«Россельхознадзор» 2024 жылдың 17 қазанынан бастап бидай, жасымық, зығыр тұқымын және басқа да тауарларды Қазақстаннан әкелуге уақытша шектеулер енгізді. Үкіметаралық комиссияның отырысында «Россельхознадзор» тарапынан қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін негізсіз біржақты қайтару жағдайлары талқыланды»,- делінген Бектеновтің жауабында.

Нәтижесінде комиссия екі елдің уәкілетті органдарына шектеулерді алып тастау үшін қысқа мерзімде консультациялар өткізуді тапсырған. Бұдан кейін Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі «Россельхознадзор» атына екіжақты кеңес өткізу туралы ресми хат жіберген. АШМ сұрауынан кейін 1 қараша күні жауапты органдардың қатысуымен өсімдік шаруашылығы өнімдерінің транзитін кідірту фактілері бойынша онлайн-кеңес өткен. Кеңес барысында екі тарап қазақстандық өсімдік шаруашылығы өнімдеріне шектеу қою мәселелерін пысықтау туралы шешім қабылдаған.

«Нәтижесінде 16 мың тонна көлеміндегі қазақстандық жасымықтың партиясы «Новороссийск теңіз сауда порты» ЖАҚ теңіз портында кемеге сәтті тиеліп, межелі жерге жіберілді»,- дейді Бектенов.

Сонымен бірге кеңес барысында Ресейдің Ейск қаласының теңіз порты аумағында қазақстандық жасымық партиясының үлгілерін іріктеу және зертханалық сараптама жүргізу үшін Қазақстанның Ж.Жиембаев атындағы Қазақ өсімдіктерді қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институты ғалымдарының қатысуымен жұмыс тобын құру туралы уағдаластыққа қол жеткізген.

Астық экспортының баламалы жолдары

Бектенов сонымен бірге астық экспортының баламалы бағыттары туралы айтқан. Үкімет бұл орайда Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша экспорт көлемін арттыруды көздеп отыр.

«2024 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша Транскаспий халықаралық көлік бағыты арқылы тасымалдау 2,9 млн тоннаға жетіп, өткен жылдың көрсеткішімен (1,75 млн тонна) салыстырғанда 69%-ға ұлғайды. 2022 жылғы 25 қарашада Ақтауда Қазақстан, Әзербайжан, Грузия және Түркия арасында 2027 жылға дейін Орта дәлізді дамыту жөніндегі жол картасына қол қойылды, оны іске асыру дәліздің өткізу қабілетін жылына 10 млн тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді»,- делінген жауапта.

Сонымен бірге Қазақстан Түрікменстанмен көлік, логистика және транзит саласындағы стратегиялық ынтымақтастық туралы келісімге келген. Келісім негізінде «рұқсатсыз» жүк тасымалдау жүйесін енгізу көзделеді, сондай-ақ екі елдің халықаралық маршруттағы жүргізушілері үшін визалық режимді алып тастау мүмкіндігі қарастырылмақ. Бұған қоса екі ел теңіз порттары бойынша жүк алмасу мәселесін де жеңілдетуді көздеп отыр. Осы мақсатта «Ақтау теңіз сауда порты» ҰК» АҚ мен «Түрікменстанның теңіз сауда флоты» АҚ арасында Орта дәліз бойынша теңіз тасымалдары әлеуетін кеңейтетін ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған. Қазақстан Түркіменстан арқылы ауыл шаруашылығы өнімдерін Парсы шығанағына тасымалдауды көздеп отыр. Бұдан бөлек Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерін Қытайға экспортын арттырмақшы. Осыған орай АШМ мен Қытай Халық Республикасының Бас кеден басқармасы 18 дақыл бойынша фитосанитариялық талаптарға, сондай-ақ Өсімдіктер карантині саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған.

Еске сала кетсек, Ресей Қазақстанның кейбір ауылшаруашылық өнімдерін импорттаудан бас тартқан болатын. Атап айтқанда, «Россельхознадзор» АШМ-ге Қазақстаннан жеткізілетін астық, қызанақ, бұрыш және күнбағыс тұқымдарына фитосанитарлық сертификат беруді тоқтататыны туралы мәлімдеді.

Қазақстанның бидай импортына тыйым салған Ресей гүл тасымалдауға да шектеу қойған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз