Транскаспий дәлізі арқылы жүк тасымалы 68%-ға артты – Көлік министрлігі

Жарияланды
Транскаспий
Марат Қарабаев Транскаспий бағытының әлеуеті артатынын айтты / Фото: Ашық деректер

Үкімет Транскаспий дәлізі мен Солтүстік-Оңтүстік бағыттың әлеуетін арттырмақшы. Көлік министрі Марат Қарабаев Солтүстік-Оңтүстік бағыттың жүк өткізу мүмкіндігі 20 млн тоннаға жеткізілетінін айтты.

Министр «Солтүстік-Оңтүстік» және «Транскаспийлік» транзиттік дәліздерінің қабілетін арттыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқанын, әсіресе, әлемдегі дәстүрлі қалыптасқан логистикалық бағыттардың өзгеруіне байланысты Солтүстік-Оңтүстік дәлізінің маңыздылығы күннен күнге артып жатқанын айтты.

«Оның өткізу қабілеті жылына 10 млн тонна. Осы жылдың 10 айында нақты тасымалданған жүк көлемі 1 млн 800 мың тоннаны құрады. Дәліздің әлеуетін ескере отырып, оның өткізу мүмкіндігін 20 млн тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз»,- деді министр.

Қарабаев осы мақсатта Иран, Түркменстан және Ресей елдерімен дәлізді синхронды дамытуға бағытталған Жол картасына қол қойылғанын жеткізді. Сонымен бірге бұл бағыттағы жүк ағынын арттыру үшін транзиттік тасымалдарға 50% көлемінде арнайы тарифтік жеңілдіктер берілмекші.

Одан бөлек Солтүстік-Оңтүстік дәлізінің шығыс бағытында Біріккен көлік-логистикалық компаниясының үлгісі бойынша Бірыңғай логистикалық оператор құрылмақшы.

Ал жалпы осы жылдың 10 айында Халықаралық транскаспий бағыты бойынша жүк тасымалының көлемі 68%-ға өскен. Жалпы көлем 3 млн 800 мың тоннаны құраған.

Айта кетейік, бұл бағыт арқылы Қазақстаннан Түркіменстанға, Түркіменстаннан Ауғанстанға теміржол дәлізі салынады.

Сондай-ақ оқыңыз