Қазақстанда бір жылда 4 мың ресейлік компания ашылды – Тоқаев
2023 жылы Ресей Қазақстан экономикасына 3 млрд доллар инвестиция құйған. Дәл осындай соманы Қазақстан да Ресей экономикасына инвестициялаған. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ресейлік «Известия» басылымында жарияланған мақаласында жазылған.
Президенттің жазуынша, қазір Қазақстанда 23 мың ресейлік компания жемісті жұмыс істесе, оның 4 мыңы 2023 жылы ғана ашылған. 2023 жылы ресейлік компаниялар Қазақстанға 3 млрд доллардан астам инвестиция құйса, Қазақстан Ресей экономикасына осындай соманы инвестициялаған.
Тоқаев Қазақстан мен Ресей энергетика, өнеркәсіп, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы және басқа да көптеген салада ауқымды бірлескен қызметті жүзеге асырып жатқанын айтты. Қазіргі таңда 18 млрд доллардан астам сомаға 90-нан астам жоба іске асырылып, тағы 49 жоба жасау мүмкіндігі барына тоқталды.
Маңызды жобалар қатарында Қазақстандағы үш ЖЭО құрылысының басталуын, Екібастұз ГРЭС-ін жаңғыртуды, сондай-ақ Қазақстанның бірқатар өңірін газдандыру, оңтүстік және шығыс бағыттарда Ресей энергоресурстары транзитінің көлемін ұлғайту бастамаларын атап өтті.
Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа 10 жыл толғанына тоқталды. Президент Владимир Путиннің Қазақстанға жасайын деп отырған сапары туралы да айтып, кездесуде Ресей президентімен сауда-экономикалық, көліктік-логистикалық, отын-энергетикалық және ғылыми-техникалық салалардағы ынтымақтастыққа қатысты көптеген мәселе талқыланатынын атап өтті.
«Біз Қазақстанда екі елді әлемдегі ең ұзын құрлық шекарасы байланыстыратынын әрқашан есімізде сақтаймыз. Бұл – мәңгілік достық пен шынайы тату көршіліктің шекарасы. Шекаралас аймақтарда шамамен 32 миллион адам тұратыны өте маңызды. Екі елдің өңірлері біздің мемлекетаралық қатынастарымызды нығайтуға елеулі үлес қосуда», – деп жазған Тоқаев.
Бұған қоса, елдер арасындағы мәдени-ғылыми ынтымақтастықты дамыту үшін Қазақстанның оңтүстік өңірлерін ресейлік мектептер, Ресейдің Қазақстанмен шекаралық аймақтарында қазақстандық мектептер, Мәскеу халықаралық қатынастар университетінің өкілдігін Астанада, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің өкілдігін Омбыда ашу жоспарланғанын атап өтті.
Сондай-ақ екі елдің Ұлы Жеңістің 80 жылдық мерейтойын атап өтуге дайындық жасайтынын айтты. Мәскеудің Большой театрында «Абай» операсының қойылғанын, Ресейдің басты мұражайларында Қазақстан көрмелері өтетінін айта кетті.
27 қарашада Ресей президенті Владимир Путин Қазақстанға ресми сапармен келеді. Ол Тоқаевпен бірге Қазақстан мен Ресейдің XX өңіраралық ынтымақтастық форумында бейнеконференция режимінде қатысып, 28 қараша Тоқаев төрағалығамен ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезекті сессиясын өткізеді.