Қазақстан үш халықаралық банктен 615 млрд теңге қарыз алады: сыртқы борыш көлемі қанша?

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: shutterstock

Қазақстан 3 халықаралық қаржы ұйымнан қарыз алады. Олар: Халықаралық қайта құру және даму банкі, Азия Даму Банкі және Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі. Мәжіліс үш қаржы ұйымымен келісімді ратификациялады. Бұл қарыздар бюджет тапшылығын жабу үшін тартылады.

Үкімет бұл қарызды жапон валютасы – йенмен алмақ. Жапон йенасын таңдау себебін Қаржы министрі Мәди Такиев «Жапониядағы тарихи төмен базалық пайыздық мөлшерлеме және қазақстандық теңге мен жапон йенасы арасындағы тығыз корреляцияға байланысты» деп түсіндірді.

Халықаралық қайта құру және даму банкінен – 84,9 млрд йен (275 млрд теңге), Азия Даму банкінен – 52,3 млрд йен (169 млрд теңге), ал Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінен 52,7 млрд йен (170,7 млрд теңге) борыш алады. Ұлттық банктің 27 қарашадағы валюта бағамына сәйкес алатын қарыз көлемі жалпы 615 млрд теңгеге жетеді.

Халықаралық қайта құру және даму банкінен алынатын қарыз

Халықаралық қайта құру және даму банкі Қазақстанға жеңілдікті кезеңмен қарыз береді. Бұл қаржы «инклюзивті және тұрақты экономикалық өсу» атты даму саясатын қаржыландыруға бағытталады.

Бұл қаржы ұйымынан борыш 84,9 млрд йен сомасында тартылған. Оны мемлекет 5 жыл жеңілдік мерзімін қоса алғанда, 11 жыл ішінде өтеуі тиіс. Қарызды үкімет атынан Қаржы министрлігі қайтарады.

«Қарыз қаражаты республикалық бюджет тапшылығын қаржыландыру және әлеуметтік-экономикалық ахуалдың тұрақтылығын қолдап отыру, экономиканы қалпына келтіруге бағытталған дағдарысқа қарсы шаралар кешенін жүзеге асыру үшін тартылады», – делінген Мәжіліс хабарламасында.

Сыйақы мөлшерлемесі –TONA+ айнымалы спредті, біржолғы комиссия – қарыз сомасының 0,25%-ын, резервке қойғаны үшін комиссия қарыз қаражатының игерілмеген қалдығына жылдық 0,25%-ды құрайды.

Қазақстан аталған Банкке 1992 жылы мүше болып кірді. Жалпы Қазақстанның үлесі – 0,17%. Тартылған инвестициялар көлемі шамамен 8,2 млрд долларды құрайды.

Азия Даму банкі қанша қарыз береді?

Азия Даму банкінен алынатын 52,3 млрд йен қарыз «фискалдық басқару және қаржы секторы реформаларының бағдарламасына» жұмсалады. Бұл борыш Қазақстанға 2027 жылғы 1 маусымға дейінгі жеңілдікті кезеңді қоса алғанда, 15 жылға беріледі.

Сыйақы мөлшерлемесі TONA+спредті (0,5%) құрайды. Резервке қойғаны үшін комиссия – жылдық 0,15%-ға тең.

Қазақстан Азия Даму Банкіне 1994 жылы қосылды. Еліміздің үлесі 0,805%-ды құрайды. Жалпы тартылған инвестициялар шамамен 7 млрд доллар.

Азия Инфрақұрылымдық Инвестициялар Банкімен арадағы қарыз

Азия Инфрақұрылымдық Инвестициялар Банкі Қазақстанға 52,7 млрд йен қарыз бермек. Бұл да қаржы секторы реформаларына жұмсалады. Құжатқа 2024 жылы 21 тамызда Астана қаласында қол қойылған. Тартылатын қарыз республикалық бюджет есебінен өтеледі.

«Сыйақы мөлшерлемесі: референтті мөлшерлеме + ауыспалы спред немесе пайыздық мөлшерлеме айырбасталғаннан кейін қолдануға болатын осындай мөлшерлеме, біржолғы комиссия – қарыз сомасының 0,25 %-ын, резервке қойғаны үшін комиссия – қарыз қаражатының игерілмеген қалдығына жылдық 0,25 %-ды құрайды», – деген Мәжіліс қорытындысында.

Бұл қарыз көлік инфрақұрылымы, өнеркәсіп, білім беру салаларына жұмсалады.

Азия Даму Банкі мен Азия Инфрақұрылымдық Инвестициялар Банкінің несиесі негізгі борыш бойынша үш жылдық жеңілдік кезеңімен 15 жыл мерзімге беріледі. Бұл республикалық бюджетті айтарлықтай жеңілдетіп, қаржылық жүктемені азайтпақ.

Қазақстанның сыртқы қарызы қанша?

Мәжіліс отырысында депутат Елнұр Бейсенбаев сыртқы қарыздың өсіп бара жатқанын сынға алды. Оның айтуынша, Қазақстанның сыртқы қарызы елдің 4 жылдық бюджетіне теңесіп қалған. Қазір елдің сыртқы қарызы 166 млрд доллардан асқан. Жыл басынан бері 3 млрд долларға өскен.

Бейсенбаев мемлекет шығынының үштен бір бөлігі Үкімет қарызы есебінен жабылатынына назар аударды Үш жыл ішінде қарыздарды өтеуге жұмсалатын шығын 6 трлн теңгеден асқан. Қарыздың басым бөлігі депутаттар алдында алған несиесі туралы есеп бермейтін квазимемлекеттік секторға тиесілі.

Қаржы министрі Мәди Такиевтің айтуынша, қазір Қазақстанның сыртқы қарызының көлемі 26 трлн теңгеден асқан. Ол жалпы ішкі өнімге шаққанда 23%-ды құрайды. Заң бойынша, бұл көрсеткіш 30%-дан аспауы тиіс.

Министр елдің сыртқы қарызы көп емес деп санайды. Тіпті халықаралық сарапшылар Қазақстанның сыртқы қарыз көлемін арттыруға бүкіл мүмкіндігі бар деген қорытындыға келген. Десе де министр бюджет тапшылығын жою мәселесі күн тәртібінде бірінші орында тұрғанын айтады. Сол үшін Үкімет бюджет шығынын азайтып, кірісін арттыру шараларын қолға алған.

Сондай-ақ оқыңыз