Декларация тапсырмағандардың есепшоты неге бұғатталып жатыр? Такиев түсіндірді

Жарияланды
Декларация тапсырмаған қазақстандықтардың есепшоты 25 қарашадан бері бұғаттала бастаған / Коллаж: kursiv.media

Декларация тапсырмаған қазақстандықтардың есепшоттары бұғаттала бастаған. Мұның себебін Мәжіліс кулуарында Қаржы министрі Мәди Такиев түсіндірді.

«Декларация тапсырмағандардың есепшоты жаппай бұғатталып жатыр. Мұның себебін түсіндіресіз бе?», – деп сұрады журналист.

Қаржы министрі 25 қарашадан бастап әлеуметтік төлем жүргізбеген азаматтардың есепшоты бұғатталғанын айтты.

«Қазіргі уақытта бізде есептік кезең басталды. Азаматтар қарашаның 15-не дейін декларация тапсырып, 25-не дейін салық төлеуі керек болған. 25-не дейін салық төлемеген азаматтардың есепшоты бұғатталды. Мұнда да біз жәй салық төлемегені үшін ғана емес, медициналық әлеуметтік сақтандыру мен басқа әлеуметтік төлемдерді жүргізбегені үшін бұғаттадық», – деді министр.

Сонымен бірге Такиев жаңа Салық кодексі қабылданған соң, мұндай тетіктер қолданылмайтынын жеткізді. Айтуынша, кодексте есепшотты бұғаттау үшін нақты сома бекіту мәселесі қарастырылып жатыр. Жаңа заңнамаға енгізіліп жатқан өзгеріске сәйкес, 6 АЕК-ке дейін әлеуметтік төлемдер жүргізбеген азаматтардың есепшоты бұғатталмайды. Тек осы шектен асқанда ғана есепшоттар бұғатталады.

Айта кетсек, 5 қарашада декларация тапсырмаған қазақстандықтардың есепшоттары бұғатталатыны жөнінде Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлаған болатын. Комитет декларация тапсырмағандарға арнайы хабарлама жіберген. Бұл хабарламаны алған соң, азаматтарға талаптарды орындауға 30 күн берілетіні айтылған.

Сондай-ақ оқыңыз