Депутат біліктілігі жоқ мигранттарды елге жұмыс күші ретінде әкелуге шектеу қоюды ұсынды

Жарияланды
Депутат мигранттардың айыппұл төлеп, заңды жұмыс істеуіне мүмкіндік беруді ұсынды / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Депутат Бибігүл Жексенбай біліктілігі жоқ мигранттардың Қазақстанға жұмыс күші ретінде келуіне шектеу қоюды ұсынды. Бұл туралы Сенат отырысында айтты.

Сенатор Қазақстанның географиялық жағдайына қарай заңсыз көші-қонның трансұлттық арналар санатына жататыны ескере келе, елдегі көші-қон тетіктерін реттеуді ұсынды. Айтуынша, бүгінгі күні елімізде ресми мәлімет бойынша 300 мыңға жуық еңбек мигранттары тұрады. Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегі бойынша оның тек 13,2 мыңы ғана ресми түрде рұқсат қағазын алып, жұмыс істеп жатыр.

Бас прокуратураның мәліметінше, тек биылдың өзінде 82,2 мың шетелдік әкімшілік жауапкершілікке тартылса, 965 шетелдіктің қылмыс жасағаны анықталған.

«Халықаралық миграция ұйымының есебінше Қазақстанға жыл сайын 3,7 млн-нан аса шетел азаматтары әртүрлі себептермен кіреді. Олардың қаншасы Қазақстанда қалып, қаншасы кетіп жатқаны туралы ешкім нақты айта алмайды. Заңды және заңсыз мигранттардың Алматы, Астана және Шымкент және Маңғысату облыстарында жинақталуы әлеуметтік экономикалық қана емес, қауіпсіздік мәселесінің туындауына әкелуі мүмкін», – дейді депутат.

Бибігүл Жексенбай еңбек мигранттарының көбінде жұмысқа шақыру рұқсат қағазы жоқ екенін, осы орайда рұқсат қағазын алмастан, шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланғаны үшін 1,2 мың жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын айтты. Бұдан бөлек, Жамбыл облысында шекараны кесіп өткен 20 пәкістандық ұсталса, прокурорлар жалған мекенжайлар мен «резеңке» пәтерлерде тіркелген 22 мың шетелдікті анықтаған.

«Астанада тек бір пәтерге 937 шетелдік тіркелген. Алматы облысында осындай 13 мың факті тіркелген. Мұндай тексерулер Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарында жүргізілсе, көрсеткіштер бұдан да арта түсуі ықтимал», – дейді Жексенбай.

Осы орайда Еуропа елдеріндегідей біліктілігі жоқ жұмыс күшін әкелуге тыйым болмаса да, шектеуді күшейтуді, көлеңкелі еңбек нарығын реттеудің жаңа тәсілдерін ойластыру, заңсыз келген мигранттың белгілі бір көлемде айыппұл төлеп, заңды жұмыс істеуіне мүмкіндік беруді ұсынды.

Сонымен бірге депутат заңсыз миграцияның алдын алу үшін шекара бекеттерін күшейтіп, жоғары технологиялы құрал жабдықтармен қамтамасыз ету, дактилоскопия, көз қарашығын сканерлеу арқылы мигранттардың цифрлық профилін жасап, ел ішінде қозғалысы мен геолокциясын, кету күні мен бағыты туралы хабарлама алып тұруға бағытталған ақпараттық деректер базасын құруды қарастыру мыңыздылығын атап өтті.

«Заңсыз көші-қон мен адам саудасын ұйымдастырушыларға жалған құжат жасаушыларға барынша қатаң жазалар қарастыру керек. Сонымен қатар ықтиярхат алу мақсатында шетелдіктермен қиылған жалған некелердің алдын алу үшін шетелдіктермен неке қию мен ажырасу фактілерін неғұрлым жіті тексеру маңызды», – дейді депутат.

Осы мақсатта көші-қон процестерін автоматтандыру жөніндегі мемлекеттік органдардың акпараттық жүйелерін дамытып, қолда бар жүйлерді интеграциялауды ұсынды.

Сондай-ақ оқыңыз